Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында өнер көрсететін Қазақстан құрамасы анықталды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
7-17 желтоқсан аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтеді. Бұл ерлер арасындағы 86-шы, ал әйелдер арасындағы 29-шы бәсеке. Ташкент төрінде әлем атлеттері 20 салмақта (10 ер, 10 әйелдер) кім мықтыны анықтайды.
Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын зілтеміршілер – Арли Чонтей (55 келі), Нұрғиса Әділетұлы (96 келі), Артем Антропов (96 келі), Карина Күзғанбаева (81 келі), Айзада Муптильда (87+ келі), - делінген хабарламада.
Айта кетейік, қазір ұлттық құрама спортшылары Алматыда «Ақбұлақ» Олимпиадалық орталығында жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Кеше ҰОК Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов пен Ауыр атлетика федерациясының Бас хатшысы Алдияр Нұралинов құрамасының мүшелерімен кездесіп, сәттілік тіледі.