Елордада Үндістан елшілігі республиканың құрылған күнін атап өтті. Биыл үндістандықтар 74 жылдығын мерекелеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты жиында Қазақстан мен Үндістанның Әнұрандары ойнады. Жиынға еліміздің Сыртқы істер министрлігінің орынбасары, елшілер және дипломаттар қатысты.
Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Шубдаршини Трипати елдің даму тарихына тоқталып өтті.
1950 жылы 26 қаңтарда Үндістан Конституциясы қабылданды.
Жаңа тәуелсіз Үндістан әлем бұрын-соңды көрмеген ең үлкен сайлауды өткізді. Демократия терең тамыр жайып, әртүрлілікпен ерекшеленетін халық арасындағы байланысты нығайтып, гүлденді. Мықты демократиялық институттар, соның ішінде жергілікті басқару, кең беделді сайлау органы, заң үстемдігі, жігерлі бұқаралық ақпарат құралдары және белсенді азаматтық қоғам Үндістанның қазіргі деңгейіне жетуіне үлес қосты. Демократия Үндістанның әр аймағының және әр топтың барлық спектрінде және биліктің ең жоғары деңгейінде өкілдігін қамтамасыз етті. Әйел өкілдері Үндістан Премьер-министрі, Президенті, Парламент спикері және Үндістанның бірнеше Штатының бас министрлері болып сайланды, - деп айтты дипломат салтанатты жиында.
Сонымен қатар елші Үндістанның өсу тарихы өте әсерлі екенін жеткізді. Яғни ауылшаруашылық өндірісінен ғарыш технологияларына дейін, қолжетімді денсаулық сақтаудан әлемдік деңгейдегі білім беру мекемелеріне дейін, аюрведадан биотехнологияға дейін, алып болат зауыттарынан бастап IT державаға айналуға дейін.
Сөзінше, тәуелсіздіктің осы 75 жылында Үндістан ІЖӨ-ді 100 есеге арттырып, сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде үшінші орынды иеленді және әлемдегі қарқынды дамып жатқан экономикалардың біріне айналдырды.
Биыл Үндістан Атма Нирбхартаға, яғни өзіне деген сенімділікке бағыт бұрып жатыр. Үндістанның ғылыми-техникалық мекемелердің қуатты желісі бар. Сондай-ақ Үндістан әлемдегі ғылыми-техникалық кадрлардың қоры бойынша 3-орынға ие. 2015 жылы іске қосылған «Цифрлы Үндістан» бағдарламасы Үндістанды цифрлы мүмкіндіктері бар қоғамға және білім экономикасына айналдыруға бағытталған. Былтыр әлемдегі нақты уақыттағы төлем операцияларының 40 пайыздан астамы Үндістанның цифрлы төлем платформасы арқылы жүзеге асырылды, - деп түсіндірді Шубдаршини Трипати.
Үндістан елшісі атап өткендей, елдің техникалық және корпоративтік тәжірибесі бүкіл әлемде сұранысқа ие, бұған Microsoft, Google, IBM және Adobe сияқты ірі технологиялық алпауыттардың үндістандық басшылары дәлел бола алады.
Үндістан бүкіл әлемдегі серіктес агенттіктермен өзінің білімімімен бөлісе отырып, әлемдегі ең озық, үнемді және әлеуметтік маңызы бар ғарыш бағдарламаларының бірін жүзеге асырып отыр.
Үндістанның сыртқы саясаты адамға бағытталған және Васудхайва Кутумбакамға яки «Бейбітшілік — бір отбасы» деген сенімге негізделген. Мұның ең айқын көрінісі Үндістанның «Майтри вакцинасы» бағдарламасы болды. Үндістан вакцинаның 200 млн дозасын экспорттап, 100-ден астам елге көмек ретінде жіберді. Сонымен қатар біз халықаралық қоғамдастықтың COVID-тің екінші толқыны кезінде, оның ішінде Қазақстанның көрсеткен қолдауы үшін аса ризамыз. Үндістан әлемнің алдында тұрған сансыз мәселелерді ескеріп және заманымыздың ең өзекті мәселелері бойынша консенсусқа қол жеткізуге үміттене отырып, «Үлкен жиырмалық» пен ШЫҰ-на төрағалық етіп жатыр. Биылғы «Бір жер. Бір отбасы. Бір болашақ» G20 ұраны осы ұмтылысты көрсетеді, - деп айтты елші Шубдаршини Трипати Республика күнін мерекелеу кешінде.