Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығы саласында еңбекақы екі есе көбейетінін айтты.
Біз бүгін ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында кездесіп отырмыз. Алдымен баршаңызды елдік пен егемендіктің мерекесі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Бәріміз бірлесіп, елімізді дамыту жолында нәтижелі еңбек ете береміз деп сенемін, – деді ол.
Мәулен Әшімбаев атағандай, ауыл шаруашылығы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Сол себепті Мемлекет басшысы осы бағытқа үнемі баса мән беріп келеді.
Тәуелсіздік алғалы бері Елбасы саясатының арқасында елімізде аграрлық сала жан-жақты дамып келеді. 1995 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,5 есе өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 2 есеге артты. Қазақстан шетелге 7 млн тоннаға дейін бидай шығару арқылы әлемдегі ең ірі экспорттаушылардың қатарына қосылды. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты 50%-ға ұлғайды, – деп түсіндірді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар іске асырылды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдау үшін айтарлықтай қаражат бөлініп келеді.
Мемлекет басшысының былтырғы және биылғы Жолдауларында аграрлық салаға қатысты айтылған тапсырмаларға сәйкес нақты жұмыстар қолға алынды. Қазан айында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жобаны іске асыру арқылы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жоспарланған. Қайта өңделген тауарлардың көлемін 75%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын 2 есе ұлғайту, 500 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығында еңбекақыны 2 есе көбейту көзделіп отыр, – деп атап өтті Сенат спикері.
Айтуынша, бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін тиісті құқықтық база қажет. Сол себепті Парламент аграрлық саладағы реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Үкіметпен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істеп келеді.