Ауыл шаруашылығы саласында 57 ірі жоба іске қосылды – министр

9 Маусым 2021, 14:55
2053
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы саласында 57 ірі жоба іске қосылды – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде агроөнеркәсіптік кешені саласында 57 ірі жоба іске қосылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халыққа есеп беру кезінде баяндады.

Министр атап өткендей, былтырғы жыл еліміздің бүкіл экономикасы үшін және агроөнеркәсіптік кешен үшін күрделі жыл болды.

Соңғы жылдары мемлекет таңдаған аграрлық саясат, сондай-ақ өткен жылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар коронавирус пандемиясымен байланысты күрделі жағдайларда отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Былтыр қабылданған дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл 2019 жылғы деңгейден 13%-ға көп, - деді Сапархан Омаров.

Оның айтуынша, субсидиялауға қойылатын талаптарға өзгерістер енгізу арқылы шағын және орта фермерлерді субсидиялаумен қамту көлемі ұлғайтылды.

Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және «ҚазАгроҚаржы» арқылы агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру көлемі 2020 жылдың қорытындылары бойынша 446 млрд теңгені құрады. Оның ішінде қарыз алушылардың саны 2019 жылғы 77 мыңнан 2020 жылы 80 мыңға дейін ұлғайды, - деп түсіндірді министр кездесуде.

Омаров баяндағандай, шағын және орта бизнеске кредит беру үлесі 92%-дан 95,3%-ға дейін өсті. 57 ірі жоба іске қосылды. Ауылда 15 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.



Өзгелердің жаңалығы