Ауылдық жердерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері бар

10 Қазан 2022, 11:17
1078
Бөлісу:
Ауылдық жердерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері бар

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медициналық кадрды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы, гранттар бөлінеді, түлектерді бөлу жүзеге асырылады. Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Ауылдағы дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда 17,2 құрайды. Ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 10 мың халыққа шаққанда 33-ке тең, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Айтуынша, ауылда орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету көрсеткіші 10 мың халыққа шаққанда 87,2-ге тең. Ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 10 мың халыққа шаққанда 91-ді көрсеткен. 

Сонымен қатар ауылда резиденттер міндетті практикадан өту үшін «Резиденттер ауылға» пилоттық жоба пысықталуда. Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттар санының жыл сайын 70%-ға ұлғаюын қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 2981 жас маман, оның ішінде ауылға – 797 адам бөлінді. Осылайша, тапшылықты жабу – 61%. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп тұрақты негізде мамандардың келу мониторингін жүзеге асырады. Ал жергілікті органдар келген жас мамандарды тұрақтандыруы қажет, - деді еліміздің бас дәрігері. 

Өзгелердің жаңалығы