Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауылдық жердегі жастардың көбі еңбек еткісі келмейді. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Смағұлов "Желмая" жобасында айтты.
Жылдағы дәстүр бойынша депутаттар 1 шілдеден бастап демалысқа шықты. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттар демалысқа шықса да, халыққа көмектесіп жүргенін айтқан болатын. Кездесу өткізіп, көмек беріп, бірқатар мәселе шешіп жүр. Кейбір адамдар "депутаттар чартерлік рейспен шетелге кетіп қалыпты" деген қауесет таратып жатыр. Ешкім ешқайда кеткен жоқ. Барлық депутат Қазақстанда, өз аймақтарында дәріханалар мен ауруханаларға бақылау жүргізіп, жұмыс істеп жүр, - деді Смағұлов.Депутат осы сессия аяқталар кезде өзі де ауру жұқтырғанын айтты.
Ауруханаға жатқан жоқпын. Үйде жатып емделдім. Дәрігерлермен тікелей байланыста болдым. Осы орайда, дәрігерлерге алғыс айтқым келеді. Депутат та халықтың ішінен шыққан азамат. Өмірлік тәжірибесі бар, бір салада жинаған білім қоры бар тұлға. Мысалы, қазіргі 6-шақырылымға келетін болсақ, онда әртүрлі саланың адамдары жиналған. Әрқайсысы өз саласына үлесін қосып, жұмыс істеп жатыр, - дейді депутат.Смағұловтың айтуынша, оны жастарды еңбекке баулы мәселесі толғандырады.
Ауылдық жерде жастардың көбі еңбек еткісі келмейді. Әке-шешесінің зейнетақысын қанағат етіп отырғандар да бар. Мысалы, Петропавл қаласының түбінде менің бірге оқыған досым үй салады. Құрылысқа көрші елдердің азаматтары келетін. Қазір пандемия кезінде ондай мүмкіндік жоқ. Ол бір қабатты үйдің құрылысына 1,5 млн беремін деп отыр. Бірақ соған адам таба алмай отыр. Мен бірнеше ауданның басшылығына хабарласып, "өңірлеріңізде жұмыссыз жүрген азаматтар болса, басын қосып жіберіңіздер, ақшасын тапсын" деп едім. Ешкім шықпады. Осы бойынша жастарды еңбекке баулып, қандай да бір бағдарлама қабылдау керек сияқты, - деді ол.
Сондай-ақ, депутат педофилдерге қатысты пікір білдірді.
2013 жылы Елбасы жарлығымен бізде өлім жазасын қолдануға тыйым салынды. Өркениетті елдерде өлім жазасы қолданылмайды. Ал біз өркениетті елдердің қатарына қосылуға ұмтылып жатырмыз, - деді Смағұлов.
Мәжіліс депутаты айтып өткендей, полиция сүрінгенге сүйеу, деміккенге демеу болады.
Бірдеңе болса, азаматтар кімге барады? Ұрлық болсын, біреу ұрып кетсін, біреуден сөз естісе де полицияға барып, арыз жазып, құқығын қорғайды. Полиция қызметіне кір келітіріп жатқан азаматтар да кездеседі. Бірақ адал еңбек етіп жүргендері баршылық. Мысалы, жақында педофилдің артынан қуып келе жатып, 13-қабаттан секірген полиция «Айбын» орденін алды.Оның ерлігі шетелдіктерді де тамсандарды. Осылай халықтың мейіріміне бөленіп жүргендер де бар. Полиция деген тек қана қызмет, оның артында адам тұрғанын ескеру қажет. Адамның барлығы бірдей емес. Оған үрке қараудың қажеті жоқ, - деді ол.