Ауылды қолдау мемлекеттің ерекше назарында қалатын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді.
"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында ауылдарда, моно-және шағын қалаларда, ірі қалалардың шетінде әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы бұл мақсаттарға 206,4 млрд теңге көзделген, - деді Серік Жұманғарин.
Айтуынша, жыл соңына дейін елді мекендерде мыңнан астам инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
"Ауыл аманаты" жобасы аясында жыл соңына дейін ауыл тұрғындарына шаруа қожалықтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамытуға 5 мыңға жуық шағын несие беру жоспарда бар. Бұл мақсаттарға 50 млрд теңге қарастырылған, - деп түсіндірді Үкімет басшысының орынбасары.
Еске салайық, бүгінгі Үкімет отырысындағы жиында 2025 жылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері талқыланады.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Үкімет отырысы мен баспасөз мәслихатының тікелей көрсетілімі BAQ.KZ сайтында жүргізіледі.