Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Бесағаш ауылында ағаштан түйін түйіп, шеберлігін кәсіпке айналдырған азамат тұрады. Болат Жараров – жай ғана ұстахана иесі емес, ұлттық нақышты жаңғыртып, ауыл экономикасын дамытуға үлес қосып отырған кәсіпкер. Оның "Қонақбай" деп аталатын шағын шеберханасы бүгінде бүтін бір ауылдың тірегіне айналып отыр. BAQ тілшісі ауылда айналасын түрлендіріп, кәсіптен нәсіп теріп, табыс тауып отырған шебердің жұмысымен танысты.

Бұл істің бастауында ұлтқа деген сүйіспеншілік пен еңбексүйгіштік тұр. Ал серпін берген – мемлекет қолдауы. Болат "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсібін жаңа деңгейге көтерген.

Бұрын қолдан жасаған бұйымдарды шектеулі көлемде ғана шығара алатын едік. Қазір заман талабына сай құрал-жабдықтар алып, сапаны да, көлемді де арттырдық. Бастапқыда бәрін қолмен істейтінбіз. Әр бұйымды ойып, шауып, жылтыратып шығару – ұзақ уақытты, мол күшті талап ететін. Бір күнде бір-екі зат қана жасап үлгеретінбіз. Оның өзінде кем-кетігі болса, қайта жөндеп, әуреге қалатынбыз. Ең қиыны – тапсырыс көбейіп, сұраныс артқан сәттерде уақыт жетпей жататын. Ондайда адамдарға ‘күтіңіз’ деуге тура келетін. Бұл кәсібіміздің өрісін кеңейтуге үлкен кедергі болды. Бірақ “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы алған несие бізге жаңа тыныс әкелді. Арнайы ағаш кесетін, өңдейтін, ойып өрнек салатын және жылтырататын құралдарды сатып алдық. Қазір сол техникалардың арқасында біз бір күнде бұрынғыдан бірнеше есе көп бұйым шығарып отырмыз. Сапасы да жоғары, өнім түрі де көбейді. Ағашпен жұмыс істеу жеңілдеді, ал нәтиже — көңіл тоятындай. Бұрын қолмен кескен ағаш қисық кетіп, қайта жөндеуге тура келетін. Енді бәрі – миллиметрге дейін дәл. Бұл тек уақыт үнемдеу емес, өнімнің сапасын, тұтынушының сенімін арттыруға жол ашты. Бүгінде тек ауыл ішінен емес, ауданнан, тіпті облыс орталығынан да тапсырыс алып жатырмыз. Бұл – біздің жұмысымыздың бағаланғаны, әрі бізге артылған жауапкершілік, – дейді шебер.
Табиғи ағаш – қазақтың қашаннан-ақ құрмет тұтқан материалдарының бірі. Одан үй жиһазы, ыдыс-аяқ, оюлы кәдесыйлар жасалып келген. Болат Жараров та осы дәстүрді жаңғыртып, өз кәсібінің бағытына айналдырған. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9 миллион 600 мың теңге көлемінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, ағаш кесу мен өңдеуге арналған заманауи құрылғылар сатып алды. Қазір шеберханада станоктар, фрезерлік құралдар мен жылтыратқыш құрылғылар жүйелі жұмыс істейді.

Бұрынғыдай қолмен ойып, ұзақ уақыт жоғалтпаймыз. Қазіргі технологияның арқасында уақыт үнемделіп, сапа артты. Бұл – маған ғана емес, менімен бірге еңбек етіп жатқан онға жуық ауыл тұрғынына да үлкен мүмкіндік. Баяғыда әр бұйымды қолмен ойып, әр сызығын дәлдеп, ұзақ отыратынбыз. Бір бұйымның өзі біраз уақытты алатын. Қолыңа араны алып, әр ағаштың бетіне күндіз-түні үңілетінбіз. Бұл – шеберлікті талап еткенмен, көп уақытты жейтін еді. Күні бойы жасаған еңбегің кейде бір ғана өніммен шектелетін. Ал енді ше? Қазір заман басқа – технология дамыды, біз де соған ілестік. Жаңа құрылғылар – тек жай жабдық емес, олар менің кәсібімнің қанатын кеңге жайдырған үлкен көмекші. Қазіргі аппараттармен бір күнде бірнеше бұйым жасап шығарамыз. Сапасы – дүкендегіден кем емес, ал дизайны – ұлттық нақышта. Бұрын сағаттап ойған өрнектерді енді минуттардың ішінде қондырғы арқылы түсіреміз. Бұл бізге уақытты тиімді пайдалануға, көбірек тапсырыс қабылдап, мол өнім шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы – бұл игілік менің ғана емес. Шеберханада еңбек етіп жүрген онға жуық ауылдасымның да күнкөріс көзі осы. Әрқайсысы өз отбасын асырап отыр. Біз бір-бірімізге сүйенішпіз. Жастар да осы жерден мамандық үйреніп, өз болашақтарына жол салып жатыр. Демек, бұл технология – бір адамның емес, бүтін ауылдың үміті мен тірегі, – дейді Болат Жараров мақтанышпен.
Кәсіпкер шеберханасында онға жуық азамат еңбек етеді. Олардың арасында жастар да бар. Бірі – Елдос Аханов. Бұрын ағашпен жұмыс істеуді білмеген жігіт бүгінде шеберханада тәжірибе жинақтап, өз ісін дөңгелетуге ұмтылып жүр.
Мұнда келгенде бәрі таңсық болатын. Болат ағамыз үйретті, қолдады. Қазір өз бетіммен де жұмыс істей аламын. Ең бастысы – ауылдан ешқайда кетпей-ақ, отбасымның қасында жұмыс істеп отырмын. Басында бұл істің қыр-сырын мүлде білмейтінмін. Ағашты дұрыс кесу, өрнек салу, құралдың тілін түсіну – бәрі де мен үшін бейтаныс дүние еді. Бірақ Болат ағамыз алғаш күннен-ақ бағыт-бағдар беріп, қолымнан жетектеп жүріп үйретті. Әрбір қателігіме сабырмен қарап, ‘үйреніп аласың, ең бастысы – ниетің бар’ деп жігер беріп отырды. Уақыт өте келе мен де тәжірибе жинадым. Қазір ешкімге жалтақтамай, өз бетіммен жұмыс істей аламын. Бұл тек кәсіп үйрену емес, өмірге деген көзқарасымның өзгерген сәті болды. Бұрын сыртқа, қалаға барып жұмыс істемесем болмайды деп ойлайтынмын. Бірақ мына жерде, өз ауылымда отырып-ақ адал еңбекпен табыс табуға болатынын ұқтым. Таңертең балаларымды мектепке шығарып салып, қолыма құрал алып, жұмысқа кірісемін. Кешке үйге оралып, бала-шағаммен, үлкендермен бірге боламын. Бұл – мен үшін үлкен бақыт, – дейді Елдос Аханов.
Ал осы цехта бірнеше жыл еңбек етіп келе жатқан Самат Тұраров жылы лебізін білдірді.
Бүгінде тек мамандық емес, үлкен отбасы тапқандай күй кешіп жүрмін. Ұжымдағы бірлік, Болат ағамыздың қамқорлығы, бізге артқан сенімі – бәрі жүрекке жылу береді. Бұл шеберхана мен үшін жай ғана жұмыс орны емес. Мұнда келген әр күнім – өзіңді дамыту, еңбек арқылы өсіп-жетілу, бірлікпен тірлік ету дегеннің нақты көрінісі. Ұжымымыз өте ұйымшыл. Әріптестерім – қарапайым, еңбекқор, бір-бірін қолдай білетін жандар. Бірімізге біріміз арқа сүйеп, үйреніп, бөлісіп жұмыс істейміз. Осындай ортада еңбек ету – ерекше ғанибет. Ал Болат ағамыз – нағыз басшыға лайық азамат. Жәй ғана кәсіп ашып қойған жоқ, біз секілді ауыл тұрғындарына мүмкіндік берді, сенім артты, үйретті. Қолымыздан келмесе, қайта-қайта түсіндіріп, демеп отырады. "Қолыңнан келеді, үйрен, қорықпа" деген сөзі құлағымда сақталып қалды. Сол сөздердің арқасында, өзіме деген сенімім артып, жұмысқа бар ынтамен кірістім. Еңбек еткен адам – әрқашан қадірлі. Біз мұны күн сайын сезінеміз. Тапсырыс берушілердің алғысын естігенде, жасаған бұйымымызды бір отбасы пайдаланғанда, көңілде мақтаныш сезімі оянады. Әсіресе ауылда жұмыс табу қиын кезде, осындай мүмкіндікке ие болу – біз үшін үлкен бақыт. "Ауыл аманаты" жобасы бізге жай несие емес, нағыз тірек болды. Ол бағдарламаның арқасында бүгін біз ел қатарлы жұмыс істеп, отбасымызға табыс тауып отырмыз. Осындай жобалар көбейіп, ауыл жастары жұмыссыз қалмаса екен. Ауыл – береке бастауы. Егер әр ауылда осындай цехтар ашылса, жұрттың қалаға ағылуы да азаяр еді. Біз де қарап қалмай, білгенімізді кейінгі жастарға үйретуге дайынбыз. Өйткені бір кездері бізге де қол ұшын созған жақсы жандар болды, – деп түйіндеді жұмысшы өзінің шынайы лебізін.
Ауыл тұрғындары шеберханада жасалған бұйымдарға қызығушылық танытып, жиі тапсырыс береді. Экологиялық таза, табиғи өнімге сұраныс артып отыр. Бұйымдар тек ауыл ішінде емес, аудан орталықтарына да жеткізілуде. "Ауыл аманаты" – жай ғана қаржылай қолдау емес, ауыл тұрмысына серпін берген, талай арманға қанат бітірген нақты мүмкіндік. Биыл Жамбыл ауданында осы бағдарлама арқылы 37 жоба қаржыландырылып, түрлі бағыттағы кәсіптер ашылған. Олардың қатарында жылыжайлар, тігін цехтары, ағаш өңдеу шеберханалары, балық шаруашылығы, тамақтану орындары бар. Бесағаш ауылындағы "Қонақбай" шеберханасы – осы жобалардың сәтті үлгісі. Бұл жерде табыстың кілті – ізденіс пен еңбек. Қарапайым құралмен басталған іс бүгінгі таңда үлкен өндіріске айналды.
Ағашпен жұмыс істеу – тек кәсіп емес, бұл – өнер. Әр тақтайша, әр өрнек – жүректен шыққан дүниелер. Қолдан шыққан әр бұйым бір отбасының шаңырағында қызмет етіп жатса, соның өзі – мен үшін үлкен мәртебе. "Ауыл аманаты" маған тек қаржы емес, өзіме деген сенім сыйлады, – дейді Болат Жараров.
Оның айтуынша, ауылда отырып-ақ кәсіп жүргізуге болады. Тек ниет пен тәртіп болса жеткілікті. Қазір Болат мырзаның шеберханасы – ауыл жастары үшін тәжірибе алаңы, ал кәсіп иесінің өмір жолы – табысқа бастайтын үлгі.
Қарапайым ауыл азаматынан табысты кәсіпкерге айналған Болат Жараров – елге еңбегімен үлгі болған жан. Ол бастаған істің артында ұлттық өнерге деген құрмет, ауылға деген сүйіспеншілік, туған жерден табыс табуға деген ұмтылыс жатыр. "Ауыл аманаты" сынды бағдарламалар алдағы уақытта да ауылдастардың әлеуетін арттырып, олардың кәсібіне серпін берері сөзсіз. Себебі, ауыл – берекенің бастауы. Ал сол берекені еңбекпен бекемдегендер – ел ертеңінің иесі.