Жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы, жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы Төрехан Сабырхан алдағы жоспарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
5 сәуір күні алғаш рет кәсіпқой бокста бақ сынаған Төрехан Сабырханның мақсаты Олимпиада шыңын бағындыру.
Біз әлі кәсіпқой боксқа ауысқан жоқпыз. Алда әлі әлем чемпионаты және Олимпиада ойындары бар. Бұйырса 2028 жылы елімізге Олимпиада алтынын сыйлау – басты мақсатымыз. Сондай-ақ, Қазақстанда әлі екі дүркін Олимпиада чемпионы шықпаған. Мен екі дүркін Олимпиада чемпионы болғым келеді. Содан кейін бір-ақ кәсіби боксқа бару ойымда бар. Оның бәрін алдағы уақытта көреміз, әлі жаспын, - деді Төрехан Сабырхан.
Кәсіпқой бокстағы жекпе-жегінен кейін Төрехан Сабырханға ұлыбританиялық промоутерлер шақырту жіберген. Олар кәсіпқой боксқа біржола ауысып, мансабын Ұлыбританияда жалғастыруын сұраған.
Ағам екеуімізге Англиядан кәсіпқой бокстан ұсыныс түсті. Басқа да көп шақыртулар болып жатыр. Бірақ, біздің мақсат әзірге кәсіпқой бокс емес. Махмұд ағам екеуіміздің арманымыз – Олимпиада чемпионы болып, өзіміз өскен ауылда үлкен заманауи спорт залын салғымыз келеді, - деді Төрехан.