Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Таразда «Ауыл» жастары өзгерістерді қалайды» тақырыбында жастар форумы өтті, деп хабарлады «Ауыл» ХДПП баспасөз қызметі.
Республикалық референдумды насихаттау және түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған жиынға партияның Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Ерболат Саурықов, жергілікті жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Форумның ашылуында сөз алған Е.Саурықов «Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Еліміздің болашағы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға белсенді түрде қатысады деп ойлаймын», - деді.
Еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – мемлекеттің әрбір азаматына үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, алдағы күнге маңызды қадам жасауға жетелейді.
Форумда студент жастар Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша республикалық референдумды қолдай отырып, пайымды пікірі мен орамды ойларын ортаға салды. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайлы, конституциялық реформалардың тұжырымдамалық негіздері мен ерекшеліктері және реформалардың негізгі бағыттарын түсіндіруге тырысты.
Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту бағыты бойынша Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенті, республикалық жастар бизнес-стартап жобасының жүлдегері Ерасыл Берді өз пікірін жеткізді.
Сондай-ақ, сөз алған партия жастар қанатының белсенді мүшесі, Дзюдо және қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер, Әлем чемпионатының және халықаралық турнирлердің жүлдегері Жансая Ынтықбай: -«Жаңа Қазақстанға» қадам басуда бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай мемлекет құра аламыз. Оның жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмылып еңбек ету – әрбіріміздің перзенттік борышымыз», - деп ойын қорытындылады.
Ал жастар ұйымдарының көшбасшысы қатарында жүрген, республикалық ғылыми жобалар жеңімпазы Данабек Мұратов референдумда өзгеріс енгізу бойынша басым дауыс көрсеткіші болған жағдайда қандай өзгерістер болатыны жөнінде кеңірек тоқталды. Ол: - Ата Заңымыз 30%-ға өзгереді. Яғни үштен бірі. Бұл өте үлкен өзгерістер әкеледі деген сөз. Оның бастыларының бірі – жер мен оның байлығы тікелей халыққа тиесілі болуы, табиғи ресурстар халықтың меншігі ретінде заңдық тұрғыда бекітілуі, Президент өкілеттігінің өзгеруі, мәжілістегі депутаттар санының қысқаруы секілді маңызды бағыттар қамтылмақ. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет болғалы тұрған саяси науқан. Мұндай сәтте ешкім де елдің келешегі үшін тыс қалып, сырт айналмауы тиіс, - деп сөзін түйіндеді.
Сондай-ақ, жамбылдық «ауыл» жастары еліміздің барлық азаматтары мен жастарына үндеу жолдап, белсенділік танытатындықтарын жеткізді.
Жастар «Біз Жаңа Әділ Қазақстанды бірге өркендетеміз, бірге құрамыз!» ұранымен тарқасып, жұртшылықты 5 маусым күні өтетін Референдумға дауыс беруге шақырды.