Үкіметте экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Премьер-министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Президент Әкімшілігі, Ұлттық банк, өңірлер әкімдіктері, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» холдингтері және басқа да ұйымдар басшыларының қатысуымен Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді.
Өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығында 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашу арқылы жаңа жобаларды іске асыру, машина жасауда локализациялауды кеңейту және қалалардағы ағынды суларды тазарту деңгейін 78%-дан 89%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік беретін 24 кәріздік тазарту құрылысын салу жоспарлары қарастырылды.
Сонымен қатар «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ қызметінің мәселелері, «KEGOC» АҚ акцияларының бір бөлігін SPO арқылы бәсекелес ортаға беру, сондай-ақ 10 коммуналдық меншік ұйымын Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарынан алып тастау мәселелері талқыланды.