Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабарлады.
Оның айтуынша, осы бағытта ауқымды талдамалық жұмыстар жүргізілді.
Бақылаушы органдардың ескертулері зерделеніп, субсидиялаудың жаңа тетігінің бірінші нұсқасы әзірленді. Оның негізгі жаңалықтары субсидиялау және әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдету, ауқымына қарамастан барлық субъектілерге субсидияның қолжетімділігін қамтамасыз ету, субсидияларды аралық технологиялық процестерге емес, еңбектің түпкілікті нәтижесіне қайта бағдарлау және субсидия алушылардың нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелер қабылдауы болып табылады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр түрлі алаңдарда субсидиялаудың осы нұсқасын екі рет таныстырылғанын алға тартты.
Барлық мүдделі құрылыммен, қоғамдық ұйыммен, бизнес қауымдастық өкілдерімен тұрақты диалог жүргізіп жатырмыз. Көптеген ескерту мен ұсыныс алдық, қазіргі уақытта оларды зерделеу мен өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Пысықтау процесін әрі қарай жалғастыруды, өңірлерге шығып, талқылау ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бірақ ең бастысы, субсидиялаудың жаңа жүйесі масылдық әрекетке жетелемей, ынталандырушы, өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған және ішкі азық-түлік нарығының жағдайына ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетіне де оң әсер етуші болғанын қалаймыз, - деді Ербол Қарашөкеев.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр Қарашөкеев елімізде жануарларға ЖСН берілуі мүмкін екендігі туралы айтқан болатын.