Ауыл шаруашылығы: техника мен химиялық қоспа бағасы 15-20% арзандады

7 Наурыз 2023, 00:11
1167
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы: техника мен химиялық қоспа бағасы 15-20% арзандады
Фото: inbusiness.kz

Ресей мен Белорусьтен тасымалданатын ауылшаруашылық техникасы 15-20 пайызға арзандады. Ал химиялық қоспалардың құны 15 пайызға түсті. Мұнымен қоса бидайдың да бағасы арзандаған, деп хабарлайды BAQ.KZ inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Жылына бір рет өтетін Агрожәрмеңкеге диллерлік компаниялар жақсы жаңалығымен келген. Былтыр көктемде ауылшаруашылық техникасының бағасы 40 пайызға дейін қымбаттап, диқандардың көбі ала алмай қалған еді. Ал, биыл Белорусь комбайндарының құны 15-20 пайызға, яғни 20-25 млн теңгеге дейін арзандаған.

Аймақтағы нанның бағасына ресейлік ақшаның ықпалы бар. Өйткені, егіске қажет ауылшаруашылық техникалар, оның бөлшектері мен химиялық қоспалар да осы елден тасымалданады. Былтыр рубль 7,9 теңгеге дейін қымбаттаса, бүгін 5 теңге 79 тиынға түсті. Осыған орай, нарықта қымбатшылық тоқтап, баға арзандай түсті.

Бір трактордың құны 10 млн теңгеге жуық арзандады. Былтыр жыл аяғына таман 130 млн теңге болған еді. Бүгінде бағасы 120 млн теңге. Баға рубльдің курсына байланысты. Сондықтан тұрақты ұстап тұра алмаймыз, дейді Сату бөлімінің аймақтағы директоры Татьяна Басалаева.

Аграрлық химиялық қоспалардың да көбі ресейлік өнім. Өсімдікті зиянкестерден қорғайтын гербицидтің шикізатын кәсіпорындар Қытайдан алдырады.

Бүгінде химиялық қоспалардың құны 10-15 пайызға арзандап жатыр. Егін егу науқанына қарай баға тұрақталады деп ойлаймын. Бағаның төмендеуіне Қытайлық өндіріс орындарының шикізатты арзандатуы себеп, – дейді химиялық қоспалар компаниясының аймақтағы өкілі Мейрамхан Балағұлов.

Ресейдің техникасы, химиялық қоспасымен қатар, арзан бидайы да ішкі нарыққа көптеп келуде. Бағасы – тоннасына 90-95 мың теңгеден. Ал жергілікті диқандар өнімін 110-115 мың теңгеден саудалап жүрген еді. Көрші елден келген арзан тауар астық құнын да түсіріп жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы