Басшылықтың жауапсыздығынан аграрлық сала ғалымдары 5 ай жалақысыз отыратын болды

20 Қараша 2020, 12:25
2779
Бөлісу:
Басшылықтың жауапсыздығынан аграрлық сала ғалымдары 5 ай жалақысыз отыратын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. 


2003 жылы ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік субсидия көлемі 3,5 млрд теңгені құраған және 1 теңге субсидияға есептегенде ауыл шаруашылығы өнімдері сомасы 186 теңгеге өндірілген. 2019 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) мемлекеттік қолдау 85 есе артқан. Бірақ бұл субсидиялардың 1 теңгесіне бар болғаны 17 теңгеге ғана өнім өндірілген. Бұл 16 жыл ішінде мемлекеттік қолдаудың ауыл шаруашылығына тиімділігінің 11 есе төмендегенін көрсетіп отыр. Тағы бір мысал, соңғы 15 жылда әлемнің ірі астық егетін елдерінде, соның ішінде Ресейді қоса алғанда, бидайдың өнімділігі 30-40%-ға өссе, ал бізде бар болғаны 14%-ға өскен, яғни 2,5 есе аз, - дейді Ақылбек Күрішбаев. 


Оның айтуынша, бізде АӨК-ті мемлекеттік қолдау басқа елдердегідей саланың технологиялық дамуына бағытталмайды. Біз аграрлық ғылымды дамытпай отырмыз. Тіпті, ауыл шаруашылығы дақылдарының 70%-ға жуық сұрпын шетелден әкелетін жағдайға жеттік. Сапалы тұқымның қол жетімсіздігінен біздің көптеген фермерлер тұқымның  орнына тауарлы астық себуде.
 
Осы ахуалды түсіне отырып, Елбасы келесі жылдан бастап аграрлық ғылымды қаржыландыруды ұлғайтуға тапсырма берген болатын.  Бірақ ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайтылмады. Сондай-ақ ғалымдар да бұрынғы ақшаларын кешіктіріп алуы мүмкін. Себебі АШМ ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы әлі күнге дейін ғылыми байқаулар өткізген жоқ. Дегенмен оларды жаздың басында кем дегенде 2 жылға жариялауға болар еді. Ол бойынша бюджет те бекітілер еді. Қаржы министрлігі де осылай жасауға болатындығын растайды. Енді ҒЗИ қызметкерлері басшылардың жайбарақаттығы мен жауапсыздығынан уақыттарын жоғалтып алды, - дейді депутат.

Сенатордың айтуынша, олардың саны 3 мыңға жуық адам. Келесі жылдың мамыр айына дейін жалақысыз отыратын болады. Осылайша біз елдің аграрлық ғылымын біржола жерлейміз бе?! Ғалымдар осы уақыт бойы қалай жұмыс істеп, қалайша күнін көрмек деп күйінді?.
Өзгелердің жаңалығы