Ауыл сақталса, ұлттық кодымыз бен дәстүріміз де сақталады - Еңбек ері

8 Сәуір 2019, 15:05
3150
Бөлісу:
 Ауыл сақталса, ұлттық кодымыз бен дәстүріміз де сақталады - Еңбек ері
Фото: автордан

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы идеяны Қазақстанда ең алғаш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Ол идея «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаңа мағынада сипатталды.


«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы бағдарламаға үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов. Ол 1950 жылы 19 тамызда Қостанай облысы, қазіргі Ұзынкөл ауданында туған. 1973 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, жолдамамен Мендіқара ауданында жұмысқа орналасады. Ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен ол қызмет баспалдығымен басшы лауазымына дейін көтерілген. Сексенінші жылдары Ақсуат кеңшарын басқарған тұста елді мекенді егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатын кеңшарлардың алдыңғы қатарына шығарды.

Еңбегі еленген азамат 1984 жылы «Харьков» кеңшарының директоры болып тағайындалады. Тоқсаныншы жылдардағы нарықтық қатынастарға өту кезеңінде бұл ауылдың іргесі шайқалған жоқ. Мұнда 1997 жылы «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, елді мекен одан сайын түлей түсті.
Егін егумен қоса ет, сүт өндірісімен айналысатын «Қарқын» ЖШС жыл сайын жергілікті мәдениет үйі мен мектепке, су құбырлары мен ауыл көшелерін абаттандыруға миллиондап қаржы бөледі. 

Білікті басшының ауыл шаруашылығы саласында сіңірген еңбегі ескеріліп, елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын арттыруға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Қостанайда «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын бірінші алған (2009 жылы) азамат да осы Сайран Бұқанов болатын.

– Сайран Балкенұлы, «Рухани жаңғыру» ел ішінде үлкен серпіліс тудырған бағдарламалардың бірі болды. Оны сіздер, кәсіпкерлер қалай қабылдадыңыздар? Нені ескеріп, нені ескермей жатырмыз?

– Менің ойымша, бұл бағдарлама ең біріншіден жастарға, келешек ұрпаққа бағытталған. Ұлттық кодты сақтау, оны ұрпаққа аманаттау бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Біздің қазақтың менталитеті басқа ұлттардан өзгеше, мәдениетіміздің діңгегі – ауылда. Сондықтан, рухани жаңғыруды ауылмен де байланыстыруға болады. Қалада қаншама зауыттар салынсын, өркендесін, бірақ, ауылдың рухы көтерілмей, елдің еңсесі тіктелмейді.

Мақаланы оқып отырып, жас шағымдағы бір жайттар еске түскен еді. Әжемнің бауырында өскен бала едім. Студент кезімде ауылға барам ғой, сонда әжем «анау үйге барып, үлкен кісілерге сәлем беріп кел» деп отыратын. Не керегі бар деп ойлайтынмын. Оның мәнін кейін, азамат болып қалыптаса бастағанда ғана түсіндім. Үлкендерге барып сәлем берсең, олар әңгіме, ақыл айтады. Сол қариялардан естігендерім әлі күнге есімнен шыққан емес. Міне, ұрпақтар сабақтастығының қарапайым мысалы. Ал, мұндай үрдісті қаладан көрмейсің, ауылда ғана бар. Рухани жаңғыру аға буын мен жастардың арасында байланыс болғанда жүзеге асады.

Біз патриот деп кейбір кездері көшеде жалаулатушыларды айтып, қатты қателесеміз. Тәуелсіздік, отаншылдық деген сөздерді жалаң ұранмен шатастыруға әсте болмайды. Ал, шын мәнісінде, нағыз патриоттар – ауылдан көшпей отырғандар. «Қалаға жақын аудандар бар, сол жаққа жылжымайсыңдар ма?» десең, олар: «жоқ, біз осы жерде туып-өстік, ешқайда кетпейміз» дейді. Бұл бізді, әсіресе, сол жерде туғандарды ойлантуы тиіс. Ауылды сақтап қалу қажет.

– Ол үшін не істеу керек?

– Әр ауылда кем дегенде төрт-бес дәулетті, ауқатты азамат бар. Біреуі балабақша, біреуі ойын алаңын салып берсе, келесі бір кәсіпкер мәдениет үйін жөндеуге көмектессе, сөйтіп бірте-берте мәселелер шешіледі. Елбасы «Туған жер» бағдарламасын сол үшін ұсынды.

Ауылға мұғалім, дәрігер жастар барады. Әйтсе де, тұрақтап қалатындары сирек. Олар пеш жаққысы келмейді. Өйткені, үйін жылытып отыра ма, жұмыс істей ме? Осындай қолайсыздық бар. Сондықтан, мен елді мекендерге газ тарту мәселесін жиі көтеріп жүрмін. Ауыл сақталса, ұлттық кодымыз, салт-дәстүріміз де сақталады.

Президенттің мақаласында бәрі нақты айтылған. Жұмылған жұдырықтай қызмет етуге тиіспіз. Кейбір іс басындағы азаматтардың көзқарасы өзгеруі керек. Сүйінбай ақын: «Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр, пайдасы өз басынан артылмаған», – деген екен. Сол айтқандай, пайдасы өз басынан артылмай жүрген кәсіпкерлер бар. Солар бір ойланып, күш біріктіріп, ауылдарына қарайласса, міне, рухани жаңғыру дегеніміз осы. Олардың рухы оянды деген сөз. Мәселен, біздің ауылда мәдениет үйінің, мектеп пен балабақшаның материалдық-техникалық базасын «Қарқын» серіктестігі өз мойнына алған. Мемлекет тек қызметкерлерге жалақы төлейді.

– Бұл істеріңіз ауылда жастардың тұрақтауына себепші бола алып отыр ма?

– Әрине. Бізде мамандардың дені – жастар. Кейбіреулер механизаторлар тапшы деп жатады, ал бізде жеткілікті. Біз олардың еңбекке деген құлшынысына қарап таңдаймыз. Қазір өзім еңбек демалысындамын. Жолымды ұлым Еркін жалғастырып жатыр. «Біз» деп отырғаным сондықтан. Кадр мәселесін шешуді бір жолы – түлектерді оқыту. Сонау тоқсаныншы жылдары Қарағанды медицина университетінде екі баланы оқыттық. Біреуі қазір Меңдіқара ауданында қызмет істеп жүр. Отбасын құрып, тұрақтап қалды. Үшінші баламыз білімін толықтырып жатыр. Жиырма жылдың ішінде үш дәрігерді оқытып шығардық. Мұны мақтанып айтып отырған жоқпын, басқалар да осылай істесе екен деймін. Әңгіменің бір шеті тағы да ауылға байланысты. Сапалы медициналық қызмет көрсетілмеген соң, көбісі қалаға барып емделеді. Тіпті, ашығын айтқанда, ауылдықтардың үдере көшуінің де бір себебі осы. Егер аудан орталықтарында жақсы дәрігерлер жұмыс істесе, халық та қоныс аудармас еді.

Қазіргі ауыл шаруашылығына көзқарасыңыз қалай? Бірде бір диқан әріптесіңіз: «Субсидияны бізге бергеннен гөрі, ауылға берсе, сонда жолдары жөнделіп, тұрмысы жақсарып қалар еді», – деп еді. Бұған не дейсіз?

– Ол дұрыс айтыпты. Қаражатты оңды-солды үлестіру кейбір шаруаларды жалқаулыққа итермелейді. Оның үстіне, жемқорлыққа қолайлы жағдай туғызамыз. Меніңше, субсидияны жеңілдетілген несиелермен алмастыру керек. Батыста пайыздық үстемелері 2-3% кредит беру қолға алынған. Қазақстанда да мұндай тиімді жүйені неге қолға алмасқа?! Қазір тиімсіз субсидиялар қысқартылып жатыр ғой, онысы құптарлық.

Ауыл шаруашылығы саласында әртараптандыру белсенді насихатталып жүр. Ол да дұрыс бағыт. Бидаймен ғана алысқа бара алмаймыз. Ресейдің өзі 150 млн тонна бидай өндіреді. Нарықтың басым бөлігі сол елдің еншісінде. Бірақ, бізде бидайдың көлемін кеміту керек дегенмен де келісе бермеймін. Себебі, нан – қашанда керек тағам. Мұны былай айтқан дұрыс: алқабын азайтып, өнімін көбейту керек. Баяғыда гектарына 10 центнер алсақ, қазір 2 тонна алуға күш салу қажет. Оған мүмкіндік бар. Расымен, Кеңес Одағы кезіндегімен салыстырғанда, бүгінде одан екі есе көп өнім жинап жүрміз. Әлем нарығында зығыр, күнбағыс, рапс сияқты майлы дақылдарға сұраныс артып отыр. Бағасы да бидайдан екі есе қымбат. Әртараптандырудың тиімділігін түсінген шаруалар осы бағытқа көшіп жатыр. Қазір облыста 470 мың гектардан астам жерге майлы дақылдар себіледі.

Әйтсе де, бүгінде монодақылдан арыла алмай отырған шаруашылықтар да бар ғой...

– Майлы дақылдарды себу үшін арнайы техникалар керек. Оны сатып алуға шағын шаруашылықтардың шамасы жете бермейді. Осындай техникалар қолжетімді болуы үшін өзімізде көбірек құрастырылса деймін. Сонда әртараптандыруға көше алмай отырғандарға үлкен көмек болар еді. Еліміздегі зауыттардан тракторлар мен комбайндар шығарылып жатыр ғой. Майлы дақылдарға арналған техникалар да құрастырылады деп сенемін.

– Өнімділікті арттыру турасында айтып қалдыңыз, оған қол жеткізу үшін не істемек керек?

– Ол үшін керегі – тыңайтқыш. Қазір сапалы тыңайтқыштар өте көп. Сосын жақсы технология болмай, мол өнім алуыңыз неғайбыл. Диқандар мұны бірте-бірте түсініп, игеріп жатыр.

– Кооперативтер туралы айтсаңыз. Осындай ұйымдарды құру арқылы мал өнімдерін өндіруде белгілі бір жетістіктерге жете аламыз ба?

– Жетеміз. Тоқсаныншы жылдары реформа басталып, бұрынғы кеңшарларды таратып жіберді ғой. 1995 жылы президент Назарбаев бізге келгенде осы тақырыпта қырдың басында қырық минут сөйлестік. Көбіміз сол реформаға қарсы болдық. Кетерінде маған айтқан сөзі әлі есімде: «Сайран, сен көп жылама, ертең бәрі қалпына келеді», – деді. Айтқаны келді. Кооператив құру мәселесін де түсінбей жатқандар бар. Олар біріге жұмыс істеудің уақыт өте дұрыс екеніне көз жеткізеді.

«Бұрын жақсы тұрып едік» дейтіндер әлі де кездеседі. Ол қандай жақсы тұрмыс? Біздің «Харьков» совхозында үш-ақ жигули болатын, қазір әр үйде бір-бір машина. Алмаға қолымыз әрең жететін. Бүгінге дүкендерде жеміс-жидек самсап тұр. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықты көбіміз ұмытып кеттік.

– Бізді ұйыстыратын немесе біріктіріп отырған не деп ойлайсыз? Және оны жас ұрпақтың қазығы деп айта аласыз ба?

– Бізді біріктіріп отырған басты құндылығымыз – тәуелсіздік. Жастардың санасына осы ұғымды мықтап сіңіру маңызды болып тұр. Рухани дүниеге қызығатындары аз.

Бүгінгі ұрпақты интернет пен теледидар тәрбиелеп жатыр ма деп қаласың. Оның жақсы да, алаңдатарлық та жақтары бар. Тәрбие құралы ретінде пайдаланып, жақсы дүниелерді насихаттай білсек құба-құп, кейде қазақтың таным-түсінігіне жат бағдарламалар беріліп жатады. Соған тыйым салынса екен.

Мені осындай дәрежеге жеткізген еңбек, сондықтан жастармен кездесулерде өз өмірімнен мысалдар келтіріп, көбіне-көп еңбек туралы айтамын. Еңбекте, істе бірлік болған жерде халықтың тұрмысы жақсы, ойы сергек болады деп ойлаймын.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасысыз. Кеңестің билікпен қарым-қатынасы жөнінде не айтар едіңіз? Жергілікті билік сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізге қаншалықты құлақ асады?

– Қарым-қатынас жақсы. Шенеунік болмасақ та, тек Кеңес отырысында ғана емес, басқа жиындарда да көзқарасымызды ашық айтып жүреміз. Бәрі бірдей оңалып кетпегенімен, кемшіліктер бірте-бірте жөнделіп келеді.

Бүгінгі таңда бәрімізді алаңдатып отырған жәйт – жемқорлық. Оның бір шеті қоғамдағы тәрбиемен байланысты. Қоғамды тәрбиелейтін не бағдарлама немесе арнайы жоба ойластырып, кешенді жұмысты қолға алу қажет деп есептеймін. Бірақ, жемқорлықты қалыпты құбылыс деп қабылдайтын тұтас буын ауыспай, бұл індеттің түбегейлі жойылуы екіталай нәрсе.

– Әңгімеңізге рақмет! Деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын! 

 

Өзгелердің жаңалығы