«Ауыл» партиясы ШҚО-да аграрлық ғылымды дамыту мен экологиялық мәселелерді талқылады

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ халықтың ауа мен су сапасы туралы мәліметтерге қолжетімділігін кеңейтуді, заманауи тазарту жүйелерін енгізуді және экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыруды қолдады.

7 Тамыз 2026, 21:35
АВТОР
 7 Тамыз 2026, 21:35
7 Тамыз 2026, 21:35
114

Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл» партиясының өкілдері аграрлық сала мамандарымен, экологтармен және өңір тұрғындарымен кездесті. Басқосуларда отандық тұқым шаруашылығын дамыту, аграрлық ғылымды қолдау және Өскемендегі экологиялық ахуал мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС ұжымымен өткен кездесуде қатысушылар Қазақстанның импорттық тұқым материалдарына тәуелділігін азайту, селекциялық жұмыстарды қаржыландыру, тәжірибе шаруашылықтарын жаңғырту және агроөнеркәсіп кешеніне цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін сөз етті.

Партия төрағасы Қайрат Айтуғанов еліміздің ғылыми және өндірістік әлеуетін күшейту қажет екенін айтты.

«Азық-түлік қауіпсіздігі дүкен сөресінен басталмайды. Ол өз тұқымымыздан, өз ғылымымыздан және отандық әзірлемелерді жаппай өндіріске енгізу мүмкіндігінен басталады», – деді Қайрат Айтуғанов.

Оның айтуынша, жаңа сорттарды шығару бірнеше жылға созылатындықтан, аграрлық ғылымға ұзақ мерзімді қаржыландыру қажет. Құрылтай депутаттығына кандидат Ілияс Досқожаев та селекциялық жобаларды іске асыру үшін ұзақ мерзімді әрі түсінікті қаржылық тетіктер керек екенін атап өтті.

Өскеменде партия өкілдері экологтармен, сарапшылармен және облыс тұрғындарымен жеке кездесу өткізді. Жиында ауа сапасы, өнеркәсіптік шығарындылар, су нысандарының жағдайы, экологиялық мониторинг және кәсіпорындарды жаңғырту мәселелері талқыланды.

«Өскемен тұрғындары жұмыс орындары мен таза ауаға, қауіпсіз ауыз суға және қолайлы қоршаған ортаға деген құқығының арасында таңдау жасауға мәжбүр болмауы тиіс. Экономиканы дамыту табиғатқа және адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана мүмкін», – деді Қайрат Айтуғанов.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ халықтың ауа мен су сапасы туралы мәліметтерге қолжетімділігін кеңейтуді, заманауи тазарту жүйелерін енгізуді және экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыруды қолдады.

Екі кездесудің қорытындысы бойынша отандық тұқым шаруашылығын дамыту, аграрлық ғылымды қаржыландыру, ауыл шаруашылығын цифрландыру және өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстар жинақталды.

Наверх