Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Шараға барлық филиал төрағалары, Саяси кеңес мүшелері және жастар қанатының белсенділері қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖаңаҚазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» тұжырымдамасында айтылған саяси реформалар жөніндегі бастамаларын талқылау басқосудың негізгі өзегі болды.
Жиынның күн тәртібінде бұдан басқа партия қызметін жаңғырту мәселелері мен «Ауыл» ХДПП-ның қоғамдағы соңғы оқиғалар легінде әзірлеген жаңа бастамалары қаралды. Партияның Саяси кеңесі Президент Қ.Тоқаевтың Конституциялық, саяси және экономикалық түбегейлі реформаларын толық қолдайтынын мәлімдеді.
Партия Саяси кеңесінің мүшелері «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы қазіргі қоғамның ең өткір мәселелеріне қозғау саларына үміт артып, Президенттің сайлау жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстары демократияландыру үдерісін жеделдетеді деп сенеді.
Саяси кеңес мүшелері алдағы өзгерістер «Ауыл» партиясының ашық, шынайы саяси бәсекелестік жағдайында өз ұстанымын нығайтуға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген пікірде. 20 жылдық тарихи жолдан жүріп өткен партия саяси күрестің берік тәжірибесі мен интеллектуалдық, кадрлық және әкімшілік ресурстарды жинақтаған. Отырыс барысында партияны жаңғырту бойынша ұсынылған бірқатар нақты бастамалар Саяси кеңес тарапынан қолдау тапты.
Бірінші бастама сайлау комиссияларының құрамына «Ауыл» партиясының идеяларына адал, белсенді, табанды, талапшыл әрі сауатты партия мүшелерді тартуға бағытталған. «Ауыл» партиясынан ұсынылған сайлау комиссияларының мүшелері түбегейлі жаңғыруды қажет етеді.
Екінші бастама партия құрамын жаңғыртуды қарастырады. Саяси ұйымның қатарын партиядан қол үзген, формальды, енжар тұлғалардан тазарту бойынша толық ауқымды жұмыстар басталғаны жарияланды. Партия өз қатарына белсенділерді, патриоттарды және әлеуметтік мәселелерге бей-жай қарамайтын, қоғам мүддесіне аянбай қызмет ететін адамдарды тартуды жоспарлап отыр. Партия осы орайда «саннан сапаға» қағидатына көшуді мақсат етуде.
Үшінші бастама партияның жетекші және атқарушы органдарын айтарлықтай жаңғыртуға және жасартуға қатысты. Саяси кеңес мүшелерінің пікірінше басшылық қызметтерге, саяси кеңестерге жас, шығармашыл, болашағы зор партия мүшелерін көптеп ұсыну қажет. Партия бұл бағытта жұмысты бастап кетті. Жыл басында Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарындағы филиал төрағалары болып жас әрі іскер азаматтар сайланып, Саяси кеңестердің құрамы да жаңартылды.
Төртінші бастама «Ауыл» партиясынан сайланған депутаттар мен әкімдердің қызметін бағалаудың цифрлық платформасын құруға қатысты. Цифрлық платформа әрбір депутат пен әкімнің қызметі партия мүшелері мен сайлаушылар алдында есеп беретіндей етіп құрылады. Бұл цифрлық платформа «Ауыл рейтинг» деп аталады және 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап тестілік режимде іске қосылады. Бұл «Ауыл» партиясының ноу-хауы, сонымен қатар сайлаушыларға депутаттың немесе әкімнің жұмысы туралы толық ақпарат алуға, сөйтіп олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған цифрлық платформа партияның аймақтық филиалдары жұмысының рейтингісін шығаруға да мүмкіндік береді.
Бесінші бастама Саяси кеңесте тағы бір цифрлық платформаны құру туралы хабарланды. Оның мақсаты – партияның сапалы кадрлық резервін қалыптастыру. «2021 жылы партиялық тізім бойынша алғаш рет түрлі деңгейдегі мәслихаттар мен Қазақстан Республикасы Мәжілісінің сайлауы өтті. Бұл біз үшін жаңа тәжірибе болды. Әрине, депутаттыққа кандидаттарды сапалы іріктеуге уақыт аз болғанын мойындау керек. Осыған орай үміткерлерді іріктеу үшін «Ауыл азаматы» цифрлық платформасын құруды ұсынамын. Оның көмегімен кез келген қазақстандық өзін танытып, еңбегі мен әлеуетін көрсете алады, сондай-ақ алдағы сайлау науқанындаөзін партиялық резервке кандидат ретінде ұсына алады. Мұндай тұғырнама партияның жаңа Көшбасшыларын анықтауға мүмкіндік береді», - деді Әли Бектаев.
Алтыншы бастамасы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты. «Ауыл» партиясын аграрлық партия ретінде осы жылдар ішінде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға арналған субсидиялардың аздығы, шаруаларды мемлекеттік қолдау тетіктерінің жетілдірілмегендігі және т.б. мәселелер ойландырады. Партия ұзақ жылдар бойы Агробанк құру мәселесін көтеріп келеді.
Алайда, Ұлттық банк жеке банктерге қолдау көрсетуді жалғастыруда. Осыған байланысты «Ауыл» партиясының Саяси кеңесі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға берілетін субсидиялар көлемін екі есеге ұлғайту және шағын және орта шаруашылықтарға бөлінетін несиелердің жылдық үстемесін 1-2%-дан асырмау туралы ұсыныстармен Ашық хат жолдайды.
Жетінші бастама «Жаңа Қазақстандағы жаңа ауыл» жобасын іске асыру туралы. Бұл жобада «Ауыл» партиясынан сайланған мәслихат депутаттары мен партия демеушілері тарапынан халыққа материалдық көмек көрсету, әлеуметтік жобаларды іске асыру, ауылды көріктендіру сияқты іс-шаралар кешенін жүзеге асыру жоспарланбақ. Партия мүшелері мен белсенділері бұл жобада қамтылған бағыттардың ауыл дамуына тың серпін беретініне және ауылдан шыққан басқа да іскер азаматтарға қозғау салатынына сенім білдірді.
Саяси кеңес отырысының маңызды бөлігінің бірі «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына негіз болатын қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру бойынша «Ауыл» партиясының Үндеуін қабылдау болды. Үндеу партия мүшелерінің болашаққа қатысты ортақ көзқарасы болып табылады. Оны партия хатшысы Анас Баққожаев таныстырды.