Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік сарайында білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтіп жатыр. Конференцияның пленарлық отырысына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы еліміздің барлық жерінде оқушыларға тең жағдай жасалу керектігін айтты.
«Ауылды елді мекендердегі көптеген шағын мектептерде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беруге мәжбүр. Бұл жерде қандай білім сапасы туралы айтуға болады?! Өңір әкімдеріне облыс мектептеріне үздік менеджерлер мен педагог мамандарды тарту үшін гранттардың бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін президент ұстаздардың жалақысын екі есе өсіруді тапсырып, мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау қажет екенін айтты. Президенттің пікірінше, ағылшын тілін 2-3-сыныптардан бастап оқыту орынды. Аталған жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесі жаңа реалияларға тез бейімделуді қажет ететінін атап өтті.
Сонымен қатар, Тоқаев үздік ұстаздарды марапаттаған еді.
Атап өтсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан дәстүрлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз қатысуда. Олардың қатарында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.
Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылуда.
Еске салсақ, Тамыз конференциясы жыл сайын дәстүрлі түрде жаңа оқу жылының қарсаңында өтеді.