Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі таңда жылыжайдың құрылысы қызу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау ортылығының баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қоры балаларды еңбекке баулу, оларға көкөніс өсіру технологияларын үйрету мақсатында Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Орлы ауылындағы Нұғман Манаев атындағы жалпы орта мектепте жылыжайдың құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жақын арада мұнда көкөністер егіліп, оқушыларға арналған практикалық сабақтар өткізілетін болады. Бұл сабақтарда жасөспірімдер көкөністің түрлерін күту дағдыларына, суару тәсілдеріне, түрлі минералдарға қатысты біліктілігін арттыра алады. Қоғамдық қор жетекшісі Азамат Абдуллаевтың айтуына қарағанда, жоба оқушыларға болашақ мамандықтарын таңдауға септігін тигізіп қана қоймай, аудан жастар арасында волонтерлік қозғалыстың жандануына арқау болады.
Біздің ауданда 32 мектеп бар. Бір өкініштісі, олардың ешбірінде жылыжай жоқ. Жылыжайды мектепте орнату арқылы біз оқушыларды еңбек сүйгіштікке шақырамыз, өз еңбегімен таза өнім алуды үйретеміз. Жылыжайда арнайы сабақтар өткіземіз. Бізге жалғыз мектептің балалары ғана емес, көрші мектептердің де оқушылары келеді. Олар волонтерлік негізде ауданымыздың көгалдануына өз үлесін қосады. Тіпті, мұндай шаралар сабақтарға қатысатын балалардың болашақта агрономия сияқты мамандықты таңдауына сеп бола алады, – дейді Азамат Абдуллаев.
Жобаны «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қоры «Шелл Қазақстан» компаниясы және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «ЭкоБатыс» бастамасы щеңберінде іске асырады. Қор басшысы жылыжайдың құрылыс жұмыстарын маусымда аяқтап, егу шараларын бастауды жоспарлап отыр.
«Шелл Қазақстанкомпаниясы бөлген 4 миллион теңгені біз жерді тегістеу жұмыстарын жүргізуге, жылыжайдың барлық бөлшектерін, оны орнатуға арналған құрал-саймандар мен жабдықтарды сатып алуға жұмсадық. Қазіргі таңда жылыжайдың сұлбасы темірлерден құрастылрылып қойылды. Жақын арада жылыжайға электр қуатын, суды, жылуды тартамыз.
Біз жылыжай ісін бастап қана қоймай, оны тұрақты жолға қойғымыз келеді.
Жылыжайдың құрылысы аяқталған соң, көкөністерді еге бастаймыз. Таза табиғи өнімдердің 30-40 пайызын мектептің асханасына береміз. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға береміз», - деді Азамат Абдуллаев.
Жоба аясында сондай-ақ, мұғалімдер мен оқушылардың, ата-аналардың қатысуымен түрлі акциялар ұйымдастырылады деп күтілуде.