Ертіс өңірінде «Ауыл денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 медициналық нысан бой көтереді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Нысандардың барлығын биыл қолданысқа беру жоспарланған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың айтуынша, үстіміздегі жылы екі дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік-акушерлік пункт пен 23 медициналық пункттің құрылысы жоспарланған.
Жобаларды жүзеге асыруға шамамен 4,6 млрд теңгені құрамақ. Жоба табысты жүзеге асырылған соң 15 мың ауыл тұрғыны сапалы медициналық қызметпен қамтылады. Бүгінгі таңда 30 жобаның 28-і мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алды. Он нысан бойынша мердігер ұйымдар анықталды. Қалған жобалар бойынша конкурстық шаралар қолға алынды, - дейді Әнуар Бұйрашев.
Медициналық ұйым ғимараттарын салу барысында жаңа жұмыс орындары ашылады. Нақтырақ айтқанда, 60-тан астам азамат уақытша екі қолға бір күрек табады.
Жобаларды жүзеге асыру арқылы жөндеуді қажет ететін медициналық нысандардың үлесін азайтамыз. Дегенмен, мақсатымыз сол, ауыл халқын сапалы көмекпен қамту. Қалған нысандардың ғимараттатын қалпына келтіру облыстық даму жоспарына енгізілді. 30 ғимарат модернизацияланған соң ауылдарға төрт маман қажет болады. Жалпы, облыс бойынша дәрігерлер тапшылығы бар. Мәселен, бүгінгі таңда өңірдің емдеу мекемелеріне 167 маман қажет. Ауылға мамандарды тарту үшін көтермеақы мөлшері артты. Тұрғын үймен қамту, жеңілдетілген несие беру сияқты ынталандыру жұмыстары қаарстырылған, - дейді басқарма басшысы.