Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ералы Тоғжанов «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының VI Съезіне қатысушылармен және делегаттармен кездесті.
«AMANAT» партиясы «Жастар Рухының» кезектен тыс VI Съезі аясында «Jas Talks» ашық диалог алаңының жұмысы жалғасуда. Форумның үшінші күні Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов алаң қонағы болды.
Қызу пікірталас барысында вице-премьер қатысушылардың сұрағына жауап беріп, Үкіметтің жас буын арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және басқа да өзекті мәселелерді шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Ералы Тоғжанов бүгінде елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4%-ды, ал еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар 7,2%-ды құрайтынын атап өтті.
Адам үшін ең бастысы – білім. Себебі білімді азамат өзін еркін сезінеді, болашаққа сеніммен қарайды және қай бағытта қозғалу керектігін біледі. Әрбір жас қазақстандық осыған ұмтылуы тиіс. Әрине, мамандық таңдау – бұл күрделі мәселе. Сондықтан биыл мектептерде жетінші сыныптан бастап оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалімі жұмыс істейтін болады. Ол оқушыларға дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі, – деді ол.
Сонымен қатар, вице-премьер «AMANAT» партиясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына егжей-тегжейлі тоқталды.
Ауылдың мәселесін шешіп алмайынша, қаланың мәселесі шешілмейді. Азық-түлік қауіпсіздігінен өзге, көші-қон мәселесі де бар. Ауыл гүлденсе қалада білім алған жастар туған жеріне оралады. Мемлекет қандай жағдай жасаса да, әр адам түпкі шешімді жұмыс істеуге деген жеке қалауына қарай қабылдайды. Әркім өзіне, жақынына, істеген ісіне жауапкершілікпен қарай бастаған кезде бұдан да гүлденген қоғамда өмір сүретін боламыз, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Өз кезегінде, жас азаматтар жасөспірімдер спортын дамыту, ЖОО-да өндірістік тәжірибені жетілдіру, жас кәсіпкерлерді қолдау және т.б. мәселелер жөнінде сұрақ қойып, ұсынысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Съездің пленарлық отырысы барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы жаңарды. Сондай-ақ жастар ұйымының атауы «Жастар рухы» болып өзгертілді.