ШҚО-да ауылдық клубтар жөнделіп, жұмыс орындары ашылып жатыр

29 Маусым 2020, 13:03
1977
Бөлісу:
ШҚО-да ауылдық клубтар жөнделіп, жұмыс орындары ашылып жатыр

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Бородулиха ауданындағы онан астам мәдени мекеме елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты онлайн режимге көшсе де, ондағы жөндеу жұмыстары тоқтаған жоқ.

Биылғы жаз маусымында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда екі жоба қолға алынып, 6 адам жұмыспен қамтылды.

Қазіргі уақытта ұзақ жылдар бойы сыны кетпесе де, сыры кетіп тұрған Ивановка және Пременовка ауылдық клубтарында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталған. Бүгінде жалпы сомасы 19,8 млн теңгеден астам қаражатты құрайтын қос жобада ғимараттардың шатырлары жаңартылып, терезелері ауыстырылмақ көрінеді.

Жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған. Осы уақытқа дейін клуб үйінің шатыр жабыны толық жаңартылып, бөлмеаралық есіктері мен жеті пластик терезе орнатылды. Қазіргі уақытта ғимараттың ішінде косметикалық әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрын нөсер болған сайын клубтың шатырынан су сорғалап тұратын. Екінші қабаттың қабырғалары көгеріп, құрт-құмырсқасы өріп жүретін. Сонымен қатар, клубтың көмір сақтайтын қоймасын салу жұмыстары да қатар қолға алынуда. Осыған дейін клуб үйінің көмір сақтайтын қоймасы болған емес. Көмір қысы-жазы ашық аспан астында жататындықтан саршұнақ аязда қатып, қар еріген мезгілде балшықпен араласып кететін. Өстіп сапасын жоғалтатын. Енді жеке көмір сақтайтын қойма салынған соң бұл азаптан құтыламыз деп ойлаймын. Сәтін салып, ауа райы мүмкіндік берсе барлық жұмыстар шілде айының 15 дейінгі аралықта толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Осыған дейін шатыр жабынын жабу жұмыстарын ұзаққа созылған жауынды маусым кесірінен біраз кешеуілдетіп алғанымыз рас, - деді Ивановка ауылдық клубының мәдени-ұйымдастырушы маманы Анастасия Цыганок.

Кеңестік кезеңде контор ретінде қолданылып, кейін ауылдық клубқа айналған ғимараттың шатыры мен есік-терезелері оның іргетасы қаланғалы бері ауыстырылмаған. Бүгінде әбден тозығы жеткен нысанды жөндеуге "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында бюджеттен 10 млн теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Мердігер ретінде белгіленген "STIKIN" ЖШС Жұмыспен қамту орталығы арқылы межеленген 2 жұмыс орнына 3 адамды жұмыспен қамтыды.

Осындай жұмыстар ауданның Переменовка ауылдық клубында да басталған. Мұнда да межелі 2 жұмыс орнына 3 адам еңбекке тартылған. Келісімшарт бойынша жалпы сомасы 10,9 млн теңгені құрайтын жөндеу жұмыстары барысында клуб ғимаратының қабырғалары мен төбесі, шатыры жөнделіп, қазіргі уақытта жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің хабарлауынша, қазіргі уақытта аудандағы барлық 34 мәдени мекеменің 11-і мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар болса, қалған 23-ін кітапханалар мен бір аудандық Достық үйі. Қазіргі уақытта аудандағы мәдениет мекемелерінде «халықтық» атағына ие «Гәкку» және «Русские узоры» шығармашылық ұжымдарымен қатар, 70-тен астам балалар мен ересектерге арналған түрлі үйірме ұйымдастырылған. Кітапханалардағы кітап қорының жалпы саны 258,7 мың дананы құраса, оның 69,9 мыңы, яғни 27 пайызы қазақ тіліндегі кітап қоры. Ал аудандағы кітап оқушылар саны 5600 адам.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Қазақ хандығының 555 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын атап өту аясындағы мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты олардың бірқатары онлайн режимде өткізіліп келеді.

Өзгелердің жаңалығы