Ауыл кәсіпкерлері енді облыс орталығына бармай-ақ кеңес алады

Мобильді фронт-офистер тағы бес өңірде іске қосылады.

 Үкіметтің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 14:22
Бүгiн 2026, 14:22
158
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Абай облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шалғайдағы елді мекендегі кәсіпкерлердің облыс орталығына бармай-ақ, мемлекеттік қызмет пен консультация алуына көмектесетін «Даму» қорының мобильді фронт-офистерінің жұмысымен танысты.

Мобильді фронт-офис дегеніміз мамандандырылған шағын автобус. Онда «Даму» қорының консультанттары, әкімдіктердің, екінші деңгейдегі банктердің, «Атамекен» ҰКП, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және консалтингтік ұйым өкілдері ауыл-қалаларға барады. Кәсіпкерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жергілікті жерде кеңес алып, қаржыландыру бағдарламаларына қатысуға өтінім бере алады.

Мобильді фронт-офистердің жұмысы шеңберінде кәсіпкерлерге субсидиялау, кепілдік пен жеңілдікпен кредит беру, микроқаржыландыру, лизинг, экспорттық жобаларды қолдау құралдары, сондай-ақ оқыту, консультациялық сүйемелдеу мен кәсіпкерлік құзыретті дамыту секілді қаржысыз қолдау шарасы бойынша ақпарат беріледі.

«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев атап өткендей, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы туралы кәсіпкерлерді ақпараттандыруға ерекше назар аударылуда.

«Биыл "Даму" қорының өңірлік филиалдары базасында біз "Бәйтерек" холдингінің бірыңғай фронт-офисін іске қостық. Жыл басынан бері бізге кәсіпкерлерден 12 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның ішінде Абай облысынан 553 және Шығыс Қазақстан облысынан 609 өтініш бар», — деді Фархат Сәрсекеев.

Бүгінде мобильді фронт-офистер Ұлытау, Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Жақын арада жоба еліміздің тағы бес өңіріне таратылады. Осы бастаманың арқасында 300-ден астам адам консультациялық қолдау алған.

Шалғайдағы елді мекендерге барудан басқа, мобильді фронт-офистер өңірлік көрмелерде, жәрмеңкелерде және іскерлік шараларда жұмыс істейді. Кәсіпкерлер тікелей сол жерде кеңес ала алады.

Семейде мобильдік фронт-офис Орталық Арбаттағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесі шеңберінде орналастырылды. Өңір тұрғындары мен кәсіпкерлері бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларымен және қаржыландыру құралдарымен танысуға мүмкіндік алды.

Talpyn Semey балалар білім беру орталығының басшысы Меруерт Жұмашева жұмыстың мобильді форматының арқасында алғаш рет мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алғанын атап өтті.

«Мен жәрмеңкені қызықтауға келіп, ондағы мобильді фронт-кеңсені көргенде таң қалдым. Осындай іс-шараларда мамандардың өздерінің отыруы өте ыңғайлы. Уақыт жұмсамай-ақ кеңес алуға болады. Қазір біз білім беру орталығын одан әрі дамытудың мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сондықтан мен үшін қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мен қаржыландыру құралдары туралы білу маңызды», — дейді кәсіпкер.

IT саласындағы жеке кәсіпкер Ринат Жақашев жұмыстың жаңа форматын да жоғары бағалайды.

«Қазір мені субсидиялау мүмкіндігі қызықтырады. Өзім жеке қосымша құруды жоспарлап отыр едім. Ондағы негізгі шығындар әзірлеуге емес, өнімді жылжытуға байланысты. Мен үшін «Өрлеу» бағдарламасы ыңғайлы. Себебі онда қолайлы шарттар бар. Мобильді кеңсе тамаша идея екен. Тек оның келетінін алдын ала білсең болды», — дейді ол.

Жақын арада мобильді фронт-офистер базасында шағын бизнеске арналған консультациялық-оңалту орталықтарын іске қосу жоспарлануда. Кәсіпкерлер даму, жобаларды кеңінен тарату және бизнесті жүргізуде туындайтын қиындықты еңсеру мәселесінде қолдау ала алады.

Наверх