"Ауыл – ел бесігі": Жамбылға тартылатын мамандарға 188 млн теңге көтермеақы төленеді

29 Маусым 2023, 13:51
893
Бөлісу:
"Ауыл – ел бесігі": Жамбылға тартылатын мамандарға 188 млн теңге көтермеақы төленеді
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатындағы «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 2019-2022 жылдары 137 ауылда жалпы 32,8 млрд теңгеге 442 жоба іске асырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, аталған жоба аясында есепті кезеңде 49 білім нысаны, 28 денсаулық сақтау нысаны, 29 мәдениет нысаны, 22 спорт нысаны бойынша күрделі және құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар 37 тұрғын үй коммуналдық шаруашылық нысандары жөнделіп, құрылысы жүргізілсе, 443 шақырымды құрайтын 277 ауылішілік көшелері жөнделіп, 3,5 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды.

Ал биылғы жылы жоба шеңберінде 95 елді мекенде 280 жобаны іске асыруға 15,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 280 жобаның 27-сі өткен жылдан өтпелі болса, 253 жоба жаңадан қолға алынуда. Бүгінде 253 жаңа жобаның 218-інің конкурстық рәсімдері аяқталып, 149-да жұмыстар басталуда.

Облыс әкімі алты айдың аяқталып қалғанын ескере отырып, жоспарланған қаржыны сапалы игеру үшін бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен аудан әкімдеріне тиісті жұмыстар атқару бойынша хаттамалық тапсырма жүктеді. Барлық құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Құрылыстарды сапасыз орындап әрі мерзімін кешіктірген мердігерлерге қатаң шаралар қолдануға тиіспіз. Сонда ғана басқа мердігерлер сабақ алып, ондай кемшіліктер қайталанбайтын болады, - деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ Гүлдана Жауынбекова «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалу барысына да тоқталды.

Бағдарлама аясында 2009-2022 жылдары аясында ауылды елді мекендерге маман тапшылығын шешу және қала мен ауыл арасындағы көрсетілетін қызмет сапасы алшақтығын қысқарту мақсатында 5903 маман тартылып, аудандық бюджеттерден 1,1 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленген. Бұдан бөлек, 2010-2022 жылдары 2 669 маманды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 8,9 млрд теңге жеңілдетілген несие берілген, - деді басқарма басшысы.

Айтуынша, аудандық бюджеттерден биылғы жылы 525 маманды тартуға 188,0 млн теңге біржолғы көтерме жәрдемақы қарастырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар биыл 204 маманға 1,1 милиард теңге бюджеттік несие қарастырылған.

Облыс әкімі аудандарда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қаржыландыруды шілде айынан бастап жүргізу қажеттігін баса айтып, бағдарламаның маңыздылығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы