«Ауыл – ел бесігі»: 15 елді мекенде 18 жоба іске асады

3 Маусым 2021, 09:47
2597
Бөлісу:
«Ауыл – ел бесігі»: 15 елді мекенде 18 жоба іске асады

 

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылып жатқанына – биыл үшінші жыл. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған жоба бүгінде өз нәтижесін беріп үлгерді.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова айтты. Маңызды бастамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Президент қызметіне кіріскеннен кейінгі өзінің халыққа арнаған алғашқы Жолдауында қолдау білдіріп, оған бөлінген қаржыны екі есеге арттырған. Соның арқасында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қарап, өңіріміздегі аудан орталықтарының ажарының бұрынғыдан да көркейе түскенінің куәсі болудамыз. 

Жоба аясында 2019-2020 жылдары 7 ауданның 29 елді мекенінде 10,3 миллиард теңгені құрайтын 200-ден аса жоба іске асырылды. Оның ішінде жаңадан салынып пайдалануға берілген 13 нысан бар. Бұдан бөлек, 6 балабақша, 14 мектеп, 2 аурухана, 5 спорт нысаны, 7 мәдениет ошағы, 1 әлеуметтік қорғау нысандары жөндеуден өтіп, 2 су құбыры, 23 көше жарықтары қалпына келтірілді. 140-қа жуық көше орташа жөнделіп, жолдар жақсарды. Бұл жобаларды іске асыру барысында 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жыл қорытындысымен 107 жобаның жұмыстары толығымен аяқталды, - деді жауапты маман. 

Ал Меркі ауданындағы спорт кешені, Шу және Жуалы аудандарындағы мәдениет үйлері биылға өтпелі болыпты. Гүлдана Әлімжанқызының айтуынша, екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба аясында өңірдің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы жақсарған. Сонымен бірге болашағы бар ауылдардың тізімі нақтыланған. Ауылдық аймақта облыс халқының 60 %-ы тұрып жатыр.

Жалпы соңғы он жылда Жамбыл облысы халқының саны 84,8 мың адамға өсіп, ол 1 055,8 мыңнан 1 140,6 мың адамға жетіп, өсім 8 %-ды құрады. Ауылдық елді мекендердің әлеуетін анықтау критерийлеріне сәйкес аймақта даму әлеуеті жоғары 238 ауылдық елді мекен іріктеліп алынған. Оның 67-сі тіректі, 171-і спутниктік, қалған 129-ының даму әлеуеті төмен. «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» бағдарламасына сәйкес халықтың әлеуметтік игіліктермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілген үлесін 2021 жылы – 61,8, ал 2025 жылға қарай 95,1 %-ға жеткізу жоспарланып отыр, - деді басқарма басшысы. 

Биыл бекітілген бюджетінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жамбыл облысының 15 елді мекенінде 18 жобаны іске асыруға Ұлттық қор есебінен 2,4 миллиард теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда барлық жобаға мемлекеттік сатып алу рәсімдері толығымен жарияланып, жеңімпаздары анықталған. Бұдан бөлек, алдағы болатын республикалық бюджет нақтылауында жергілікті бюджеттің қосымша қаржыландыруын қоспағанда Жамбыл облысына қосымша 6,5 миллиард теңгеге лимит бекітілген. Жауынбекованың сөзінше, оған 63 елді мекенде 107 жобаны қаржыландыру үшін тиісті министрлікке ұсынылған.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 71 елді мекенде 9,9 миллиард теңгеге 124 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Атап айтсақ, жоспарға сәйкес 16 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу, 4 су құбыры желілерін қайта жаңғыртудан өткізу, 7 мектептің қазандығын «көгілдір отынға» ауыстыру және 2 ауылішілік газ құбырларын тарту межеленген. Сондай-ақ 20 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден, 155 километрді құрайтын ауылішілік жолдар орташа жөндеуден өткізіледі. Нәтижесінде 1 519 уақытша, 133 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде, - деп тарқатып берді спикер. 

Оның айтуынша, осы жобаларды іске асыру барысында Жамбыл облысына инвестиция тартылып, құрылыс материалдары өндіріліп, жергілікті қамту үлесі арттырылмақ. Жоғарыда аталған жұмыстар Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов пен Шу аудандарында іске асырылады екен. 


 

Өзгелердің жаңалығы