Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, QAZAQ BOXING залының бапкері Мұхит Амантаев «Желмая» жобасында ауыл боксына көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Оның айтуынша, қазір ауыл боксына көңіл бөлінбей отыр. Соның кесірінен ауылдан көптеген дарынды бала шыға алмай отыр.
Ауылда боксты дамыту үшін көп қаражаттың да қажеті жоқ. Ең бастысы білімді бапкер табу керек. Оған жақсы айлық, тұратын үй керек. Ал, бокс залына ұратын 5-6 груша, ринг ары кетсе 700-800 мың теңге тұрады. Еденге балалар жүгіретін резенке төсемені жайып қой. Жуынатын суық және ыстық суын дайындап бер, болды. Бұл бәлембай миллион салатын спорт түрі емес, - дейді Амантаев.
Сонымен қатар ол осы жолғы Олимпиада ойындары бізге сабақ болғанын айта келе алдағы уақытта спортшылар жақсы нәтиже көрсетеді деген сенемін білдірді.
Спортшыларға ренжудің қажеті жоқ. Олар қолынан келгенше өнер көрсетті. Бізде бір спортшымен бір ғана бапкер жұмыс істейді. Негізінен соққыны қатайту бойынша бір бапкер, жылдамдықты арттыруда бір бапкер, тіптен қолды бинтпен байлайтын жеке бапкер болу керек. Бізде әмбебап бір бапкер бәрімен айналысады. Бұған дейін ол әдіс жұмыс істеп келді, енді ол жүрмейді, жан-жақты қарау керек. Оны уақыттың өзі талап етіп отыр. Сол кезде ғана біз жақсы нәтижеге қол жеткіземіз, - дейді бапкер.