10 мыңға жуық ауыл оқушысы IQanat олимпиадасының II кезеңіне қатысып, өз білімдерін көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сонымен қатар балалар 2-4 күн бойы өздерінің зияткерлік қабілетін шыңдады. Бұл ауыл балаларына жасалған ерекше мүмкіндік болып отыр.
Қазіргі күніолимпиаданың II кезеңі аяқталып, оған рекордтық деңгейдегі 10 мың бала қатысты. Бұған дейінгі олимпиадаларда тек 6-7 мың бала қатысқан болатын.
II кезең Қазақстанның 17 облыс орталығында өтті. Қатысушылардың шамамен 70%-ы – көпбалалы және толық емес отбасылардан.
Олимпиада әр аймақта балалар слеті немесе фестиваль түрінде өтті. Балалар үшін мақсат қою, қаржылық және медиа-сауаттылық бойынша дәрістер, сондай-ақ эстафеталар, үстел ойындары бойынша сайыстар, куиздар, викториналар өткізілді. Сондай-ақ күніне бес рет тамақтану және жатын орны мәселесі реттелді, - делінген қордың хабарламасында.
Олимпиада математикалық сауаттылық, логикалық және сыни ойлау, ағылшын тілі, сондай-ақ таңдау пәні бойынша міндетті тапсырмаларды қамтыды.
Айта кету керек, жыл сайын мемлекеттік тілде тест тапсыруды таңдаған оқушылар саны артып келеді. 2024 жылы мұндай ұл-қыздар саны - 90%. Гендерлік тұрғыда қыз балалардың жоғары қызығушылығы байқалады (64%).
Ақтық сынға өткеннен кейін, оқушылар IQanat-тан Олимпиададан кейінгі үш жылдық тегін сүйемелдеуге түседі. Ең жоғары көрсеткіштері бар үздіктер Бурабайдағы мектеп-пансионатқа тегін оқуға қабылданады. Айта кетейік, IQanat бағдарламаларымен қамтылған балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсіп келеді. Қазір жоба түлектері әлемнің 15 елінде оқиды.