Ауылы үшін астананы тастаған азамат

26 Қыркүйек 2019, 18:38
4839
Бөлісу:
Ауылы үшін астананы тастаған азамат
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, бүгінде ет бағытындағы сиыр өсіріп отырған шаруа қожалықтарына арнайы пресс-тур ұйымдастырды.

Бұған дейін пресс-турға қатысушылар Абай ауданына қарасты Дубовский ауылдық округінің Алабас қыстағындағы «Ержанова К.Р.» шаруа қожалығын аралап көрген едік.

Шет ауданының Дария ауылындағы «Салауат» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Сопыжанов 2018 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағанды облысындағы филиалынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеп, оған асыл тұқымды сиырлар сатып алған. Мемлекет беретін субсидиядан да үлесін алып, үлкен іске білек сыбана кіріскен. Жұмысын жолға қойған шаруа атакәсіптің арқасында ауқатты тұрады.

IMG_3281.jpg

«2018 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 млн теңге несие рәсімдеп, оған Ресейден «Герефорд» тұқымды 69 бас сиыр сатып алдым. Қордың біз сияқты шаруаларға көрсетіп отырған қолдауы көп. Несие шарттары көңілімізден шығады. Екі жыл жеңілдік мерзімі бар. Бұл бізге үлкен көмек. Өйткені, малымызды төлдетіп, шаруашылығымыздың әлеуетін көтеріп алғанша несие төлемейміз. Бүгінгі таңда бес адамды тұрықты жұмыспен қамтып отырмын. Мал азығын дайындайтын техникаларымыз бар. Жайылымдық жеріміз малға жайлы. Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан тағы несие алып, мал әкелу жоспарымда бар», - дейді Жақсылық Сопыжанов.

Бүгінде ағайын-туыстарымен бірлесе шаруашылығын дамытып отырған азамат бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында тұрған. Оның шаруашылықты қолға алып, оны дамытып, кәсіп істеуге деген құлшынысын оятқан бірден-бір жағдай, туған ауылына деген сүйіспеншілігі.

IMG_3285.jpg

«Жақсылықтың қалада да тұрмысын түзеп, бір кісідей өмір сүретін мүмкіндігі бар еді. Ол керісінше, осы ауылды, туған жерін, балалық шағы өткен ортаны аңсап келді. Мен де жастайымнан сауыншы болдым. Шаруаға кішкентайынан қыры бар еді. Енді міне, Алланың қалауымен, өкіметтің қолдауымен ісін жүргізе бастады. Бұған да тәубә» - дейді пресс-турға барған журналистермен бірге күзеулікте өрісте жүрген сиырларды көріп қайтуға барған Жақсылықтың анасы.

IMG_3270.jpg

Жақсылық мал өрісі үшін 49 жылға жерді жалға алған. Қазіргі кезде бақташы табу қиын, сол үшін электро-жайылымды пайдаланамын дейді кәсіпкер.

«Электро-жайылымның рахатын көріп отырмын. Басында 50 гектар жерді қоршағанбыз. Қазір 200 гектарға жеткіздік. Бағасы да қымбат емес. Ол үшін күн энергиясынан қуат алатын құрылғы, аккумлятор болса жетіп жатыр. Аумақты қоршап сым тартасыз да, оған 8-9 вольт ток жіберіп қоясыз. Басында малдар бір-бір рет соғылады, артынша ол маңға жоламайтын болады. Тіпті сыртынан ит-құс та кіре алмайды» - дейді кәсіпкер.

IMG_3321.jpg

«Сыбаға» бағдарламасының бір ерекшелігі – бөлінген қаржының ішінде ауылшаруашылығына керекті техниканы да сатып алуға болады. «Салауат» шаруа қожалығы да солай істеген екен. Мемлекет берген 40 млн теңгеге сиыр да сатып алған, техниканы да алған.

«Қазір ауылда түк істемей, текке жүрген жастардың өзі жұмыс істегілері келмейді. Сондықтан барлық жұмысты автоматтандыруға көштім. Бірнеше механизаторды ғана қалтырмақшымын. Қазірдің өзінде шөп шабу, арту, т.б. жұмыстарды техникалар атқарып жүр» - дейді Жақсылық Сопыжанов.

IMG_3298.jpg

Қарағанды облысының ең шұрайлы, ең көркем өңірлерінің бірі Бұғылы-Тағылы тауларының етегін мекендеген шаруа қожалығының шабындығы биыл өнімді жақсы берген екен.

IMG_3280.jpg

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шаруаларға 70 миллион теңгеге дейінгі несиені 15 жылға 14 процентпен береді. Оның 10 процентін Үкімет субсидиялайды. 2,5 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі бар. Яғни, осы аралықта шаруа негізгі борыш пен үстемені төлемейді. Несиеге мал, техника және мал азығы сатып алынуы тиіс. Ең бастысы шаруаның несие тарихы жақсы болуы керек және бюджеттің, қаржы институттары мен салық органдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс. Мал ұстайтын қора-жайы, талапқа сай жайылымдық жері болуы керек. Сонымен қатар, еркек тайыншаларды өткізетін бордақылау алаңдарымен келісімшарты болуы қажет. Егер, кепілдік жетіспеген жағдайда сатып алынатын мүлікті кепілдікке қою мүмкіндігі қарастырылған. Биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағанды облысындағы филиалына «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 шаруашылықтың 3500 бас мал сатып алулары үшін 2,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда 26 шаруашылық 1 710 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Қалған шаруашылықтар бойынша жұмыстар жүргізілуде» - дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Қарағады филиалының директоры Асқарбек Мақсұмхан.

IMG_3334.jpg

Ауылын көркейтуді, кәсіпкерлікті дамытып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуде көздеген Жақсылық Сопыжанов қайрымдылықпен де айналысады. Биылғы жылы жыл соңында ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп, өз қамқорлығына алуды да жоспарлап отыр. Ал көктем мен күзгі уақытта ауылдағы мектеп бітіретін оқушыларды жинап, егістікке, шабындыққа, мал шаруашылығына баулымақшы.

IMG_3293.jpg

Біз кәсіпкердің бұл бастамасына сәттілік тілеп, жолға шықтық.

Өзгелердің жаңалығы