Бұл туралы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақжар ауылдық округінің әкімі Нұржамал Тұрсынбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін елордада қызметте жүрген әйелдер «Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі әйелдердің рөлі» тақырыбында пікір алмасты.
«Еститін мемлекет» деп айтып жүрміз емес пе? Бүгін оның көрінісі осы жерден көрініп тұр. Әйтпесе, біз ауылда шаң-тозаңның, күріштің ортасында тұрамыз. Сол жақтан біздің үніміздің мемлекеттік аппараттың құлағына естіліп тұрғаны сәл де болса, басқарушы органдарымыздың халыққа деген көзқарасының, бетінің бұрылғандығы деп білеміз. Бұған жету бізге оңай болған жоқ, - деді ауыл әкімі.
Нұржамал Тұрсынбаева өзі де ана, әже екенін атап өтті.
Біз ұрпақ тәрбиелеуде неге кем қалып жатырмыз? Әрине, қазіргі заманда әйел қызметте болсын-болмасын, кез келген әйел үйде отырса да, өмір сүруге, өз қолымен бірдеңе жасауға ұмтылып жатыр. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі елеусіз қалып кетпеуі керек деп есептеймін. Баламыз - ол біздің келешек инвестициямыз, - деп айтты ол.