Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының былтырғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында міндеттелгендей, биылғы мамырда еліміздің сайлау, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару, саяси партиялар және мемлекеттік қызмет туралы заңдарына ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осы туралы айтқан Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов аймақтағы 2017 жылы сайланған әкімдердің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылып, 38 сайлау округінде сайлау жарияланғанын жеткізді. Аймақта сайлау процесі басталғаннан бері ауылдық округ әкімдеріне 122 кандидат ұсынылған, әр округке екіден көп кандидаттар бар. Бүгінде барлық ауылдық округтерде үміткерлерді ұсыну мерзімі аяқталыпты.
Кандидаттардың 76-сы немесе 62%-ы саяси партиялардың атынан сайлауға түспек. 46 азамат өзін-өзі ұсыну тәртібімен бекітілді, бұл жалпы үміткерлердің 38%-ын құрайды. Саяси партиялардың бөлінісі туралы айтсам, «Nur Otan» партиясының Жамбыл облысындағы филиалынан 31 кандидат ұсынылды. Бұл жалпы кандидаттардың 40,7%-ын алып отыр. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы мен «Ақ жол» демократиялық партиясының әрқайсысы 16 кандидаттан ұсынды. «АDAL» саяси партиясы болса, 2 азаматына сенім артады, Қазақстан халық партиясы 11 кандидатының құжаттарын тапсырды. ЖСДП бұл саяси науқаннан да шет қалған жайы бар, - деді Серғали Өмірзақұлы.
Жауапты маманның сөзіне қарағанда, ұсынылған 122 үміткердің орташа жасы 39,8 жасты құрайды екен. Олардың 25-і, яғни 20%-дан астамы әйелдер. Ал кәсіби санаттарына тоқталсақ, 56-сы мемлекеттік қызметшілер, 36-сы бюджет саласының жұмыскерлері, 7-уі коммерциялық құрылымдардық еңбеккерлері қатарынан. Кандидаттардың арасында жұмыссыз жүрген 5 азамат бар, 14-і қазіргі таңда ауылдық округ әкімі қызметтерін атқарып жүр, өзге санатқа жататын тағы 4 азамат тіркелген.
Біз кандидаттардың мамандықтарына да талдау жүргіздік. Атап айтатын болсам, сайлауға түсуге құжаттары тіркелген азаматтардың 31-і экономика саласының мамандары, 29-ы әртүрлі мамандықтың иегері, 25 мұғалім бар, 12-сі инженерлер, заңгер мамандығын игерген 11 үміткер тіркеліпті, ауыл шаруашылығы саласының мамандары – 9, дәрігерлер – 5. Бір орынға ең көп үміткерлер Жамбыл ауданында тіркелген, онда бір орынға 4,2 адам ұсынылған. Ал облыстағы орташа бәсекеге қабілеттілік 3,2-ні құрап отыр, - деді аумақтық комиссия төрағасы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері ұсынылған кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау үстінде. Сонымен қатар оларды тіркеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұл шаралар 14 шілде күні сағат 18.00-де аяқталады екен. Кандидаттарды тіркегеннен кейін сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталып, сайлау өтетін күннің алдындағы тәулікте, 00.00 сағатта бітеді.
Қазіргі таңда уәкілетті органдар кездесулердің кестесін жасап, сайлаушылармен кездесулер өткізетін орындарды анықтады және оларды аудандық басылымдар арқылы сайлаушыларға хабардар етіп, аудан әкімдерінің ресми порталдарының парақшаларына орналастырды, - деген С.Айдапкелов ауылдық округ әкімдерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу барысында коронавирустық инфекцияның алдын-алу алгоритмі бекітілгенін де мәлімдеді.
Сондықтан уәкілетті органдар сайлау комиссиялары мүшелерінің, сенім білдірілген адамдардың, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация салуын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етуі керек.