Мәжіліс депутаты Абзал Құспан әлеуметтік желіде аутист балаларға қатысты өрескел мәлімдеме жасаған блогердің іс-әрекетіне заң аясында баға берілуі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Егер мен қателеспесем, бұл оқиға Алматы қаласында болды. Сондықтан Алматы қаласының Полиция департаменті тарапынан құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет деп есептеймін. Қазірдің өзінде сол жағынан жетіспеушілік байқалады, – деді депутат.
Оның айтуынша, егер құқық қорғау органдары тарапынан ескерту берілгеннен кейін де блогер өз пікірін насихаттауды жалғастыра берсе, онда бұл әрекетке Қылмыстық кодекс аясында нақты құқықтық баға берілуі тиіс.
Қылмыстық кодексте адам өлтіру ғана емес, адам өлтіруге оқталу деген ұғым да бар. Бұл – бірнеше сатыдан тұратын процесс. Яғни бірден кісі өлтірмесе де, оған дайындалу, ниет білдіру – бәрі жауапкершілікке жатады. Сондықтан бұл азаматқа заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажет болса, өзінің жариялаған пікірін алып тастап, кешірім сұрағаны дұрыс болады деп санаймын, – деді Құспан.
Депутат бұл жағдайды адам өлтіруге оқталу ретінде бағалауға болатынын жоққа шығармады.
Егер ол азамат өз пікірінен бас тартпай, керісінше елді соған шақырып, насихаттауды жалғастырса, онда бұл — Қылмыстық кодекстің нақты баптарына сай келетін құқық бұзушылық. Бұл жерде жаңа заң қабылдаудың қажеті жоқ. Қолданыстағы заңнамада мұндай жағдайлар үшін жауапкершілік толықтай қарастырылған, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде "аутист балаларды өлтіру керек" деген өрескел пікір айтқан блогерге қатысты пікір білдірген еді.