Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ауқымды реформалар мен орнықты даму: Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі нәтижелері

Бүгiн, 19:00
142
Бөлісу:
 e-history.kz
Фото: e-history.kz

2025 жыл Қазақстан үшін азаматтардың өмір сапасын арттыруға және елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі өзгерістер мен ірі инфрақұрылымдық шешімдер кезеңі болды. Мемлекет басшысының негізгі бастамалары білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік және су инфрақұрылымы сияқты дерлік барлық саланы қамтыды. Жыл қорытындылары мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, адами капиталды нығайтуға және технологияға негізделген экономиканы қалыптастыруға бағытталған тұрақты ілгерілеуді көрсетеді. Толығырақ BAQ.KZ-тің шолу материалынан оқи аласыздар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Ал 2024–2025 жылдары ел бойынша жалпы сыйымдылығы 614 мың орындық 419 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 19 апатты мектеп жабылып, 58 білім орнында үш ауысымда оқу мәселесі шешілді, 190 мектептегі орын тапшылығы жойылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру және аудандық ауруханаларды жаңғырту жөніндегі тапсырмалары іске асырылып жатыр. 2025 жылдың қорытындысында МСАК-тың барлық 655 нысанының құрылысы аяқталды: оның 99-ы 2023 жылы, 361-і 2024 жылы, 195-і 2025 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 32 аудандық аурухананы көпсалалы орталық аудандық ауруханалар деңгейіне дейін жаңғырту жалғасуда.

Маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі – "Ұлттық қор – балаларға" жобасы. Ұлттық қор табысынан шамамен 7 млн баланың шотына 2,5 млрд доллар бөлінді. 2026 жылы 356 мыңнан астам бала 18 жасқа толады. Қазіргі таңда 985 мыңнан астам бала төлем алған. Жалпы сомасы 31,6 млн долларды құрайтын 205 мың өтінім орындалды. Оның ішінде 19,7 млн доллар 127 мың өтінім бойынша тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 11,9 млн доллар 78 мың өтінім арқылы білім алуға бағытталған. 2026 жылы әр балаға 130,71 доллар есептелді.

Президент Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру, бюрократияны азайту, орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының дербестігі мен жауапкершілігін арттыру міндетін қойды. Осыған байланысты 2023 жылғы 19 сәуірде конституциялық және салалық заңдар қабылданды. Үкімет орталық мемлекеттік органдарға 500 функция берді. Реформалардың екінші кезеңінде (2024–2025 жылдары) 104 функция қайта бөлінді: 38-і Үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға, 49-ы орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға, 17-сі облыстық деңгейден аудандық деңгейге өтті. Сондай-ақ бірқатар реттеу ережелері бойынша Президент Әкімшілігімен келісу талаптары алынып тасталды.

Жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөлінді. 2024 жылы Жасанды интеллект комитеті құрылып, 2029 жылға дейінгі ЖИ дамыту тұжырымдамасы бекітілді. 2025 жылы "Жасанды интеллект туралы" заң институционалдық тұрғыда бекітіліп, 2026 жылғы 18 қаңтарда күшіне енді. Президент жанынан ЖИ жөніндегі кеңес құрылып, цифрлық инфрақұрылым қалыптастырылуда.

2025 жылғы 19 мамырда ЖИ саласындағы ғылыми және коммерциялық міндеттерге арналған суперкомпьютер іске қосылды. Мамандарды даярлауға және стартаптарды жеделдетуге бағытталған AI-Sana ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Astana Hub-ты қоса алғанда, инкубаторлар мен акселераторлар арқылы стартап-экожүйе белсенді дамып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес alem.cloud ұлттық орталығы іске қосылып, TOP-500 рейтингінде 86-орынға ие болды. «Қазақтелеком» АҚ AI-Farabium есептеу кластерін іске қосып, ол 103-орынға жайғасты. Екі жүйенің жиынтық өнімділігі Қазақстанды әлемде 27-орынға шығарды. Ұлттық жасанды интеллект платформасы әзірленіп, онда 55-тен астам ЖИ-агент сынақтан өтуде. Платформа пайдаланушылары ай сайын 20,3%-ға артып, саны 2 700 адамнан асты. Сондай-ақ есептеу инфрақұрылымын орналастыруға, ЖИ мен цифрлық сервистерді дамытуға арналған деректер орталықтары алқабын құру жобасы іске қосылды.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жалғасуда. 2025 жылы электронды форматта көрсетілетін қызметтердің үлесі 90,4%-ға жетті, оның 91%-ы мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді. eGov mobile қолданушыларының саны 11 млн адамды құрады, портал арқылы 5,3 млн қызмет көрсетілді. Сонымен қатар Smart City тұжырымдамасынан Smart Region моделіне көшу тапсырылып, өңірлерді цифрландырудың бірыңғай стандарты бекітілді. Ол 16 бағыт пен 118 KPI-ды қамтиды.

2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі реформаланды. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап ТжКБ ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыру екі есеге артып, 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге жетті. Колледждерді жаңғырту және ТжКБ жүйесіне ЖИ енгізу бағдарламасы басталды.

Әлеуметтік салада ең төменгі жалақы 2023 жылғы 70 мың теңгеден 2024 жылы 85 мың теңгеге дейін өсті. Бұл өзгерістер 1,8 млн адамды, соның ішінде 350 мың бюджеттік қызметкерді қамтыды. 2023 жылдан бастап базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру басталды. 2024 жылдан бері жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен енгізілуде (2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%, 2028 жылға қарай – 5%). Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі шығындар, кредиттік міндеттемелер мен депозиттерді ескере отырып өзгертілді. Соның нәтижесінде АӘК алушылар саны 2023–2025 жылдары 114,1 мың отбасынан 54,4 мың отбасыға дейін қысқарды.

Туризм саласы да қарқынды дамуда. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 6,7 млн адамға жетті (2023 жылы – 5,4 млн), шетелдік туристер саны – 1 млн (2023 жылы – 834 мың). Орналастыру нысандарының саны 4 499-ға жетіп, бір мезгілде 243,5 мың төсек-орынға дейін артты. Қызмет көрсету көлемі 268 млрд теңгені құрады, ал 2025 жылдың 11 айында туризмге салынған инвестиция 923 млрд теңгеге жетті. Туристік аумақтарды дамытуға арналған кешенді жоспарлар бекітілді.

Халықты жұмыспен қамтуға да айрықша мән берілуде. 2025 жылы 912 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, оның 400 мыңнан астамы – жастар. Жұмыспен қамту шараларымен 228,9 мың жас қамтылды. Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9,2 мың адамға қайтарымсыз грант берілді.

Көлік инфрақұрылымын дамыту да жалғасуда. 2024 жылы 12 мың км автожол жөнделіп, оның 7 мыңы аяқталды. Республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы, жергілікті жолдардың 91%-ы нормативтік жағдайға келтірілді. 2025 жылы 13 мың км жол түрлі жөндеу жұмыстарымен қамтылды, 778 км республикалық жол салынды және қайта жаңғыртылды. Екі жылда 2,8 мың км теміржол жөнделіп, «Достық – Мойынты» учаскесінде 836 км екінші жол салынды. 2025 жылғы 21 желтоқсанда «Алматы айналма желісі» жобасы (75 км) бойынша қозғалыс ашылды. «Мойынты – Қызылжар» құрылысы басталып, «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелері жаңғыртылуда.

Су саласында 2021 жылдан бері шамамен 1,6 мың жоба іске асырылып, оған 835 млрд теңге бөлінді. 34 қала мен 756 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылды. 699 ауылда блок-модульдер орнатылды. 80 су арнасы жаңғыртылып, 400 км-ден астам желі жаңартылды. 10 өңірде топтық су құбырларының 31 жобасы іске асырылуда. Ел бойынша 2 500 км су құбыры салынып, 468 елді мекеннің сумен қамтылуы жақсарды. Профильді құрылымдардың мәліметінше, ауыл халқының 100%-ы ауызсумен қамтылған.

Сонымен қатар былтыр 85 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілді, оның 59 мыңы – оңтүстік өңірлерге тиесілі. Тамшылатып суару 29,4 мың гектарда, жаңбырлатып суару 15,5 мың гектарда, лазерлік тегістеу 14,1 мың гектарда қолданылуда. Елдегі су үнемдеу алаңы 581 мың гектарға жетті.

Осылайша 2024–2025 жылдары жүзеге асқан реформалар мен жобалар Қазақстанның алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалады. Мектептер мен ауруханалар салудан бастап, жасанды интеллект енгізу, балаларды қолдау және инфрақұрылымды жаңғыртуға дейінгі кешенді тәсіл мемлекеттің ұзақ мерзімді нәтижелерге бағдарланғанын көрсетеді. Басталған өзгерістерді жалғастыру қол жеткізілген көрсеткіштерді сақтауға ғана емес, елдің орнықты өсімін, бәсекеге қабілеттілігін және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы