Әкімдердің көмекшілері қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда аумақтық қорғаныс әскерлерін қолдану мәселесін зерделеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төрт күндік оқу-әдістемелік жиынға әкімдердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, әкімдіктердің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармаларының бастықтары, өңірлік қолбасшылық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлері басқармаларының аумақтық әскерлер бөлімдерінің бастықтары, аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері, барлығы 70-тен астам адам тартылды.
Оқыту Павлодар облысы аумақтық қорғаныс бригадасының базасында аумақтық әскерлердің күнделікті қызметі мен жауынгерлік дайындығын ұйымдастыру кезінде бірыңғай көзқарастарды әзірлеу мақсатында ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар аумақтық қорғаныс бөлімшелерін жауынгерлік үйлестіру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу, қойылған тапсырмаларды орындау барысында оларды басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша білім алып, практикалық дағдыларын бекітті.
Жиынға қатысушылар қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар тәжірибесі бойынша аумақтық қорғаныс күштерін қолдану ерекшеліктерімен, жергілікті атқарушы органдар өткізетін бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуларды дайындау және өткізу әдістемесімен танысты. Сонымен қатар аумақтық қорғаныс бригадасының тіркелген жеке құрамы мен техникасын зерделеуді ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Қатысушылар аумақтық қорғаныс жүйесін ұйымдастыру тәжірибесін бөлісті, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тақырыбын, сондай-ақ басқа да проблемалық мәселелерді шешу жолдарын талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы аумақтық қорғаныс әскерлері құрылғаннан бері мұндай оқу-әдістемелік жиындар үшінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін жиындар Ақтөбе және Петропавл қалаларында өткен болатын.
Министрдің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов жеке құрамды қабылдау пункті мен техниканың келу пунктінің жұмыс алгоритмін тексеріп, жиынға қатысушылармен кеңес өткізді. Онда аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы – ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Асқар Жоламановты таныстырды.
Бүгінгі таңда аумақтық қорғаныс әскерлерін дамыту Қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін арттырудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұған Ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп отыр. Алда аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру, сондай-ақ аумақтық әскерлердің қызметтік-жауынгерлік қызметі тәсілдерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.
Жиын қорытындысы бойынша «Өңірлік қолбасшылықтар аумақтық әскерлерінің үздік бөлімі» номинациясы бойынша бірінші орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аумақтық әскерлері бөлімі, екінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығының аумақтық әскерлері бөлімі, үшінші орынды – Десанттық-шабуылдау әскерлері иеленді.