Ұлытау – ұлт ұясы. Бұл қазақтың киелі мекені. Ұлытаудың ажырамас бір бөлігі - киелі Әулиетау тауы. Ол – табиғаттың таңғажайып туындысы. Бұл түрлі аңыз бен оқиға байланыстырылған жер.
BAQ.KZ тілшісі «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне ұйымдастырған ақпараттық турына қатысып, өңірдегі туристік және тарихи нысандарды аралады. Солардың бірі – Әулиетау.
Ұлытау тауының ең биік нүктесі Әулиетау деп аталады. Ол теңіз деңгейінен 1133 метр биіктікте орналасқан.
Оған еліміздің түкпір-түкпірінен қажылыққа барушылар жетерлік. Жол бойында Ақмешіт шыңына шығуға арнайы келетіндерді де кездестірдік. Мұндай қызығушылықтың негізгі себебі ондағы биіктікте жеті әулие сопының жерленген қабірлері орналасқан. Олардың көпшілігі емші болған.
Тауға шығарда алдымен Ембұлақ қайнарынан су ішіп алу керек. Оны жергілікті тұрғындар Гүлсара шипалы бұлағы деп те атайды. Біз де тауға көтерілмес бұрын Ембұлақ қайнарынан өзімізбен бірге су құйып алдық.
Дәл қазір біз Ұлытау тауының ең биік нүктесі Ақмешіт шыңында тұрмыз. Қ. Сәтбаевтың айтуынша, өте ерте замандарда топан су басып жатқанда әлемде үш таудың ғана басы шығып тұрған екен. Олар Скандинавия таулары, Сібір таулары және үшіншісі біз тұрған Әулиетау шыңы. Жалпы «Әулиетау» деп аталу себебі – таудың басында жеті әулие жерленген. Олардың нақты өмір сүрген уақыттары белгісіз. Бұл әулиелерді таудың басында ем-дом жүргізген, ота жасаған дейді, - деп түсіндірді Ұлытау өңіріндегі туризм сарапшысы және гид Сағадат Мұхамбетов.
Сонымен қатар, ежелгі сенім бойынша сиқырлық қасиеттері бар үңгір бар. Сопылардың аты жазылған тақталарды кейінгі кезде Ұлытау ауылының тұрғыны, белгілі бақсы-балгер Бақберген Аяшев орнатқан.
Тағы біреулер, сондай-ақ, Әулиетау шыңында аты аңызға айналған ХV ғасырда өмір сүрген қазақ философы және ақыны Асан Қайғы жерленген деседі. Ал кейбіреулер үңгірдің маңында оның әйелі жерленген дейді.
Жезқазғандық турист Марат Бекмағамбетов Әулиетауға жылына бір рет келіп тұрады. Ол бұл жолы да уақыт бөліп, тауға шығып, дұға жасауға арнайы келген.
Әулиетауға келуге арнайы уақыт бөлемін. Жылына бір рет келіп тұрамын. Биыл жазда уақыт болмай, міне енді келіп тұрмын. Әулиетау әулиелігі бар киелі жер ғой. Әр келген сайын дұға жасап кетемін. Әулиетау тілек, дұғалар қабыл болатын жер. Себебі тау басында көк пен жердің байланысатын жері бар дейді, - деп сөзін түйіндеді ол.
Тауға түсіп-мінуге шамамен 1,5 сағат уақыт кетеді.
Таудың жартысына дейін қиналып көтерілесіз, одан кейін жеңіл болады. Тауға көтерілуге келушілер ыңғайлы киіммен келгені дұрыс. Себебі тауға көтеріліп-түсерде аяқ киім қолайлы болмаса, жарақат алып қалуыңыз әбден мүмкін.
Тауға көтерілуге келушілер арнайы жол жасаса, киелі жердің құндылығы кетіп қалады деп есептейді. Сөздерінше, Әулиетауға өзің шықсаң, оның мәні құндырақ болады.
Ақпараттық тур Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті (ОШЖДК) мен БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) «Тұран жолбарысын реинтродукциялау және Ұлытау тау жотасының табиғи және тарихи-мәдени нысандарын қорғауға көмектесу» жобасы аясында өтті.
Турдың мақсаты – жоба барысында қол жеткізілген аралық нәтижелерді көрсету және Ұлытау аймағында туристік саланы дамытуға ықпал ету. Тур өңірдің тарихи және табиғи әлеуетіне назар аударуға, тұрақты туристік инфрақұрылым құруға және келушілер үшін аймақтың тартымдылығын арттыруға бағытталған.