Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов бастаған тәжірибелі полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ірі көлемдегі есірткі егістігін жойды, деп хабарлайды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Бұл дегеніміз республика көлемінде өткізіліп жатқан «Есірткісіз болашақ» атты 1 айға жоспарланған іс-шарада атқарылған ең нәтижелі, ауыз толтырып айтарлық іс болмақ.
Полиция полковнигі Қ.Сахов: «Бізге, ПД-нің полицейлеріне Сарыағаш ауданының тұрғыны есірткі егумен айналысады деген жедел ақпарат келіп түсті. Есірткіге қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларынан шұғыл топ құрдық. Бірден Сарыағаш ауданына іссапармен шығып, жан-жақты тексеру жүргіздік. Осылайша жинақталған ақпарат көздеріне сүйене отырып, күдіктіні анықтадық. Оның үйіне тінту жұмыстарын жүргіздік. Осылайша егде жастағы ер адамның үйінің артқы жағында орналасқан егістік алқабынан егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдіктерді таптық.
Айғақты зат ретінде күдіктіден 2720 түп өсімдікті тәркілеп, оларды сараптамаға жібердік. Сараптама қорытындысымен алынған түптер «көкнәр» өсімдігі болып шықты. Жергілікті тұрғынның есірткі егіп-өсіруі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабымен "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" СДТБТ-ға тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда-деп атап өтті.
Сонымен қатар осы жылдың 1 маусымы мен 30 қазан аралығында есірткі қылмыстарын болдырмау мен алдын алу үшін «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді еккені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескерте отырып:
*Есірткі адам өмірі үшін аса қауіпті болғандықтан оған еліктемеуге және мүлде тұтынбауға;
*Есірткінің зияндылығы туралы жиі айтып, насихаттауға;
*Жаман әдеттерден сақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.