Алматы, BAQ.KZ. «Талибан» содырлары той кезінде музыка ойнағаны үшін оқ атты. Бұл туралы Afghan Voice Agency агенттігі хабарлады.
Ауғанстанның бұрынғы вице-президенті Амрулла Салех ел билігін басып алған «Талибан» радикалды қозғалысының содырлары Нангархар провинциясында той үстінде 13 адамды атып тастады деп айыптады.
«Талибан» содырлары Нангархарада өтіп жатқан тойда музыканың үнін өшіру үшін 13 адамды атып тастады. Біз ашуымызды құр айыптаумен жеткізе алмаймыз. Бұл режим көпке бармайды, өкінішке қарай ол күйрегенге дейін ауған халқы одан зардап шегеді, - деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.
Сонымен қатар ол Пәкістан билігін тәліптерге көмектесіп отыр деп тағы айыптады.
Afghan Voice Agency агенттігінің мәліметінше, аталған жағдай жұма күні кешке Сурхруд уезінде болған. «Талибан» содырлары той кезінде музыка ойнап тұрғандықтан оқ атқан. Агенттіктің дереккөзі берген мәлімет бойынша, атыс кезінде екі адам қаза тауып, он шақтысы жарақат алған.
Өз кезегінде «Талибан» өкілі, уақытша ауған билігінің Ақпарат және мәдениет министрінің орынбасары Забихулла Муджахид Twitter-дегі парақшасына аталған жағдайға қатысты түсінік берді.
Өздерін «Талибан» өкілі ретінде таныстырған үш адам тойдағы музыканы тоқтату жөнінде ескерту жасаған, кейін оларға оқ атқан. Соның салдарынан үш адам қаза тауып, бірнеше жергілікті тұрғын жараланған. Қылмыс жасады деген екі күдікті ұсталды, олар шариғат заңы бойынша жазаланады, - деп жазды Муджахид.