Ауғанстанның шығысында 31 тамыз күні болған 6,0 баллдық жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2200-ден асты. Бұл туралы Талибан үкіметінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Кунар провинциясында 2205 адам көз жұмып, кемінде 3640 адам жарақат алған. Сондай-ақ көршілес Нангархар мен Лагман аймақтарында 12 адам қаза тауып, жүздеген тұрғын зардап шекті. Құтқарушылар мен еріктілер үйінділерді аршуды жалғастырып жатыр.
Алайда таулы аймақтардағы қолжетімділіктің шектеулігі құтқару және гуманитарлық жұмыстарды баяулатып отыр. Қайталама жер дүмпулері мен құлаған жартастар жолдарды жауып, операцияны қиындата түсуде.
Қытай 7 млн доллар көлемінде шатыр, көрпе және азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек беруге уәде етті. Бірақ зардап шеккен аудандардың кейбір тұрғындары әлі күнге дейін ашық аспан астында қалып отыр.
ДДҰ жергілікті денсаулық сақтау жүйесі дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық тапшылығына байланысты "үлкен қысымға" тап болғанын мәлімдеді. Ұйым 4 млн долларлық шұғыл медициналық интервенцияға қаржы сұрады.
БҰҰ басшысы жер сілкінісін "дағдарыс ішіндегі дағдарыс" деп атап, апаттан 500 мыңнан астам адамның зардап шеккенін хабарлады. Ел созылмалы кедейлік, құрғақшылық және Пәкістан мен Ираннан мәжбүрлі түрде қайтарылып жатқан жүздеген мың босқындар проблемасымен бетпе-бет келуде.