Соңғы тәулікте болған нөсер жаңбыр, су тасқыны, көшкін және найзағай салдарынан 17 адам көз жұмып, 26 адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауғанстанның табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық басқармасының мәліметінше, зардап шеккендер саны әлі де артуы мүмкін. Елдің батыс, орталық және солтүстік-батыс бөліктеріндегі 34 провинцияның 13-і зардап шеккен, – деп жазады Associated Press.
Табиғи апат салдарынан 147 үй қирап, 80 шақырым жол жойылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы алқаптары, суару жүйелері мен кәсіпорындар зақымданған. Жалпы 530 отбасы зардап шекті.
Басқарма өкілі Юсуф Хаммадтың айтуынша, дүйсенбі, 30 наурыз күні тағы да жаңбыр жаууы мүмкін, бұл шығыс және орталық өңірлерде су тасқыны қаупін күшейтеді.
Тұрғындарға өзендер мен қауіпті аймақтардан аулақ болу ұсынылды, ал жергілікті билікке төтенше жағдайларға дайын болу тапсырылды.