Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауғанстан астанасында мешітте жарылыс болып, 50-ден астам адам қайтыс болды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігі хабарлады.
Жойқын жарылыс ел астанасындағы Дар-уль-Аман көшесінде орналасқан Халифа Сахиб мешітінде жамағат намазға жиналған кезде орын алған.
Уақытша ауған үкіметіндегі Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Забихулла Муджахид қасиетті Рамазан айында орын алған жарылысты «қатігездік» деп атады.
Бұл қылмысқа кінәлілер табылып, жазасын алатын болады, - деп жазды Муджахид Twitter-дегі парақшасында.
Соңғы айда Ауғанстанда астана аумағын қосқанда, бірнеше провинцияда жарылыстар, атыстар мен қақтығыстар орын алды.