Ауған билігі ел аумағында жасырын түрде жұмыс істеп келген сұлулық салондарына қарсы арнайы шаралар басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The Guardian таратқан мәліметке сүйенсек, әйел кәсіпкерлерге бір айдың ішінде қызметін тоқтату туралы ескерту жасалған.
Ережені орындамаған жағдайда кәсіпкер әйелдерге қамау қаупі төніп тұр.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы тамызда «Талибан» барлық сұлулық салондарын жабу туралы шешім қабылдаған болатын. Соның салдарынан 12 мыңнан астам кәсіпорын қызметін тоқтатып, 50 мыңнан астам әйел-косметолог жұмыссыз қалған еді. Соған қарамастан, көптеген қала мен ауылдарда жасырын салондар әлі де жұмысын жалғастырып келген.
Қазіргі кезде "Талибан" бұл бизнесті толық жоюды көздеп отыр. Осы мақсатта қауым басшылары мен ақсақалдарға нұсқау беріліп, жасырын салондарды анықтап, оларды басқаратын әйелдер туралы "Талибанның арнайы діни полициясына" хабарлауға міндеттелді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Ауғанстан билігінің саясатын «гендерлік апартеид» деп атап, әйелдерге қоғамдық өмірге қатысуға мүлде мүмкіндік берілмей отырғанын айыптауда.
Қазір әйелдерге сұлулық салондары мен спортзалдарға баруға, қоғамдық саябақтарда серуендеуге тыйым салынған. Сондай-ақ олар ер адамның ілесуінсіз саяхаттай алмайды, үйден шығарда толық жабық киім киюге міндеттелген және көпшілік алдында сөйлеу құқығынан айырылған.