Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгельдиев Ауғанстанның денсаулық сақтау министрі Ахмад Джавад Османимен кездесу өткізді, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар екі елде коронавирустық инфекцияның таралуының қазіргі жағдайын, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын және өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелерді талқылады, - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрі Қазақстанға коронавирус пандемиясы кезеңінде Ауғанстан халқына көрсеткен көмегі үшін ізгі ризашылығын білдірді.
2020 жылғы 20 маусымда Хайратон қаласында Ауғанстан Ислам Республикасының халқы үшін Қазақстандық гуманитарлық көмекті ресми тапсыру рәсімі өтті.
Барлық санитарлық-эпидемиологиялық норманы сақтай отырып, ішінде 1900 тонна ұн, 500 тонна макарон өнімдері, 4 мың литр күнбағыс майы және 200 мың қоюлатылған сүт банкалары кіретін 46 вагон гуманитарлық жүк жеткізілді.
Аталған азық-түлік өнімдерін АИР үкіметі елдің мұқтаж аймақтарына таратты.