Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 32 жыл толуына орай елордадағы интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті. Бұл туралы Елорда Инфо хабарлады.
Шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, әскери қайраткер, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл және басқа да Ауған соғысының ардагерлері мен соғыста опат болған жауынгерлердің ата-аналары, әскерилер, жас сарбаздықтар, қала тұрғындары қатысты.
Бүгін біз Ауған соғысында опат болған жауынгерлеріміз бен ардагерлеріміздің ерлігін еске алуға жиналып тұрмыз. Сол бір қатыгез соғыстың аяқталғанына биыл 32 жыл толып отыр. Бұл – біздің тарихымыздағы елеулі оқиғалардың бірі. Қаншама жауынгер бүгінде ортамызда жоқ. Алайда олардың жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Бақтияр Мәкен.
Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары жастарға патриоттық тәрбие беруде еңбек етіп жүрген интернационалист жауынгерлерге ризашылығын білдіріп, дендеріне саулық тіледі.
Өз кезегінде Бақытжан Ертаев бүгінгі жастар тарихпен мақтануы керектігін, ел үшін ерлік көрсеткен, жанын қиған жауынгерлерді әрдайым есте сақтау керектігін атап өтті.
Ал Тоқтар Әубәкіров Ауған соғысының ардагерлеріне зор ризашылығын білдірді.
Ауған соғысына қатысқан азаматтар – ерекше азаматтар. Сіздерге құрметім зор. Жасаған ерліктеріңіз үшін сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Сіздер жастарға үлгісіздер, – деді Әубәкіров.
Бақытбек Смағұлдың айтуынша, биылғы көктемде Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке жөндеу жүргізіледі.
Қала басшылығының қолдауымен осы көктемде мына ескерткішке жөндеу жүргізілетін болды. Көптеген қазақ бауырларымыздың есімдері тақтайшаға енгізіледі. Бұл – бізге деген құрмет. Сондай-ақ ардагерлерге теміржол билеттері 30 пайыздық жеңілдікпен сатылатын болды. Сонымен қатар екі жылдан бері бұл күн ресми мереке болып саналады. Бұл да Ауған соғысының ардагерлері мен солақай саясаттың құрбанына айналып, тәуелсіздік таңын жақындату жолында опат болған жауынгерлер үшін ғана емес, болашақ жастар мен қарулы күштердің антына адал болуға үндейтін мереке, – деді ол.
Жиналғандар ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, ерлікпен опат болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Осынау күнді және қаруластарын еске алуға келген Ауған соғысы ардагерлерінің бірі – Мұхтар Сұлтанмұратов. Ол соғысқа 18 жасында аттанған екен.
Түркіменстанда оқу-жаттығуда болып, одан кейін соғыс алаңына бардық. Қарсы жақтан атылған оқ басымды жанап өтіп, жарақат алдым. Содан аман-есен елге оралдық. Бірақ ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Енді соғыс болмасын! Еліміз аман болсын! Жастарымызға патриоттық тәрбие беруге атсалысамыз, – деді М.Сұлтанмұратов