Алматы, BAQ.KZ тілшісі. М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында премьералар апталығы басталды.
Театр бірден бес жаңа қойылымды көрермен назарына ұсынып отыр.
Бүгін театр басшылығы премьералар апталығына орай баспасөз жиынын өткізіп, жаңа қойылымдар жайлы баяндады.
Театр қалың көрермен назарына «Қан мен тер. Ақбала», «Қытайдан келген сәлемдеме», «Мақшар түнгі махаббат», «Қайдасың, мама?!», «Бейтаныс таныстар» қойылымдарын ұсынып отыр.
Драма театрдың директоры, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Еркін Жуасбек премьера апталығы осымен екіші рет өткізіліп отырғанын жеткізді.
Пандемия театр қызметіне көптеген өзгеріс енгізді. Былтыр мұқтаждықтан осындай шараны алғаш ойлап тапқан едік. 2021 жылы жасаған бірнеше премьераны ойнай алмай қалдық. Соның бәрін жинақтап осы жолы назарларыңызға ұсынып отырмыз. Соның бірі кеше ғана өмірден өткен Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың «Қан мен тер» қойылымы. Бұл 1970 жылдары Асанәлі ағамыз ойнаған қойылым емес, оның ремейкі. Жаңаланған түрі. Мұнда негізінен Ақбала тарихы баяндалады. Ақбала қазақ әйелінің ерекше, жаратылысы бөлек, өзінің махаббатына күйіп кеткен жан. Қазақтың Медеясы деп айтуға болатын кейіпкер. Сондықтан ол көрерменге қай жағынан болса да қызықты болады, - дейді театр директоры.
«Қан мен тер. Ақбала» қойылымын жас режиссер Аридаш Оспанбаева сахналап шыққан.