АҚШ астанасы маңындағы Вашингтонның Даллес халықаралық әуежайында жолаушылар ұшағы терминал аймағына соғылып, кемінде 18 адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға жергілікті уақытпен дүйсенбі күні 16:30 шамасында болған. Әуежай әкімшілігінің (MWAA) мәліметінше, ұшақ терминалға бағытталып келе жатып, мобильді айлаққа (жолаушыларды ұшаққа жеткізетін автобус түріндегі құрылғы) соғылған. Соққы салдарынан терминалдың бір бөлігі зақымданған.

Жолаушылар баспалдақ арқылы эвакуацияланып, жарақат алғандар ауруханаға жеткізілді. Олардың өміріне қауіп жоқ. Әуежайдың ресми өкілі Кристал Носалдың айтуынша, апат кезінде әуежай қалыпты режимде жұмыс істей берген.
Қазіргі уақытта ұшақта қанша адам болғаны нақтылануда.
Даллес әуежайында жолаушыларды тасымалдауға арналған 19 мобильді зал бар, олардың әрқайсысы шамамен 100 адамға дейін сыйғыза алады. Мұндай көліктер 1959 жылдан бері қолданыста және жиі сынға ұшырап келеді.
Бұған дейін АҚШ Сенатында өткен тыңдауларда бұрынғы Трамп әкімшілігі мүшесі Трент Морс бұл көліктерді «өткен ғасырдың қалдығы» деп атап, шетелдік туристердің ел астанасында осындай ескі тасымалдаумен жүруі «масқара жағдай» екенін айтқан болатын.
Соңғы он жыл ішінде (2007–2017 жж.) осындай мобильді залдарға байланысты 16 апат тіркелген, олардың бірі адам өлімімен аяқталған.
Бұл жолғы оқиға АҚШ-та үкімет жұмысының уақытша тоқтап, әуежайларда рейстердің кешігуі мен ұзын-сонар кезектердің пайда болуымен тұспа-тұс келіп отыр.