Әуесбаев: Менің артымда мықты партия мен жақтастарым тұр

8 Қараша 2022, 09:15
642
Бөлісу:
Әуесбаев: Менің артымда мықты партия мен жақтастарым тұр
Фото: автордан

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынған ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев Батыс Қазақстан облысына барды. Ол аймақтық сайлауалды штабта тілшілермен кездессе, ертеңіне азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Кездесулерде Нұрлан Әуесбаев өзінің сайлауалды бағдарламасының басты тармақтарына тоқталып, сайлауға қатысты өзінің ойын айтты.

Басқа партиялардың ұстанымын әбден сынаған Нұрлан Әуесбаевтың айтуынша, партиялық-саяси процестерді толық реформалау қажет.

Адам пікірін емін-еркін айтуы тиіс және оны айтқаны үшін қудаланбауы керек. Жылымық бар, біз сол үшін осы жерде пікірімізді білдіріп отырмыз. Басқа кандидаттардан айырмашылығым – менің артымда мықты партия мен жақтастарым тұр, - дейді Нұрлан Әуесбаев.

Оппозициялық ұстанымдағы саясаткерлердің сайлауға түспегеніне тоқталған кандидат жалпы оппозицияның былығып кеткенін айтты.

Бүкіл оппозицияға сын айта алмаймын. Оппозицияның өзі әр түрлі, былығып кеткендіктен кімнің кім екенін ажырата алмаймын. Ешкімді білмей тұрып біреуге баға бермеймін. Оппозиялық көзқараста жүрген барлық адамға құрметпен қараймын. Үкіметтен ешкімнің сайлауға түспеуі – әлсіз кандидаттарды шығарудың есебі. Дауыс бөлініп кетсін деп жасалған. Бұрынғы сайлауда біздің партия 30-35 пайыз дауыс жинады. Бірақ бізге 1,5 пайыз жазылды. Дауыстың қалай берілгені емес, оның қалай есептелетіні маңызды. Біз сайлаудан ешқандай да ұтылмаймыз. Бүкіл саяси оқиғаларға қатысып келеміз. Қанша пайыз дауыс жинайтынымды жобалап айту мүмкін емес, бірақ дауыс жағынан Тоқаевтан кейін біз аламыз. Ең бастысы – біз осы үгіт-насихат алаңын пайдаланып өзіміздің партияның бағыт-бағдарын халыққа жеткізіп аламыз, - деді Нұрлан Әуесбаев. 

Жиында Нұрлан Әуесбаев жемқорлыққа қарсы күрес, медицина мен әскер саласына реформа жасау, кәсіпкерлікті дамыту жайын қозғады. 

Қазір азаматтарымызда өз бизнесін дамытуға еш мүмкіншілік жоқ. Сол үшін халық наразы. Әкімдердің сайлауын өткізу жайлы ЖСДП бұрыннан айтып келе жатыр. Ауыл әкімдерін сайлау басталды, мұнымен тоқтамау керек, - дейді кандидат. 

Өзгелердің жаңалығы