Аризонадағы Марана әуежайының үстінде екі ұшақтың соқтығысуы салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Daily Mail-ге сілтеме жасап.
АҚШ Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесінің (NTSB) мәліметінше, соқтығысу жергілікті уақыт бойынша таңғы 8:29-да болған. Cessna 172S және Lancair 360 MK II ұшақтары №12 жолағына қону кезінде әуеде бір-бірімен соқтығысып қалған. Бұл – Маранадағы шағын әуежайдың екі ұшу-қону жолағының бірі.
Соқтығысқаннан кейін ұшақтардың бірі жерге құлап, өртеніп кеткен. Ол түгелімен жанып, тек металл үйіндісі мен күлге айналған.

Ал екінші ұшақ қонуға мүмкіндік алғанымен, оның қаншалықты зақымданғаны әзірге белгісіз.

Оқиға орнынан түсірілген кадрларда әуежай үстінде қалың қара түтін көтеріліп жатқанын және төтенше жағдай қызметкерлерінің апат орнына асығып бара жатқанын көруге болады.
Аспанда қатты тарсыл естілді, содан кейін бір ұшақтың жерге құлап, алып түтін бағанасын көтергенін көрдік, - деді жергілікті БАҚ-қа оқиғаның куәгерлерінің бірі.

АҚШ-тың Федералды азаматтық авиация басқармасының (FAA) мәліметінше, әр ұшақтың бортында екі адамнан болған. Оқиға орнында екі адам қаза тапты, алайда тағы екі адамның жағдайы белгісіз.
Сарапшылардың айтуынша, Marana Regional әуежайы басқарылмайтын санатқа жатады, яғни онда диспетчерлік мұнара жұмыс істемейді, сондықтан ұшқыштар өзара байланыс орнатып, қону және ұшу әрекеттерін өз бетімен үйлестіреді.
Диспетчерлік қызметтің болмауы әуеде ұшақтардың соқтығысу қаупін арттырады, әсіресе бірнеше әуе кемесі бір мезетте қозғалыста болған кезде, - деді авиация сарапшысы Джонатан Бейтс.
Қазір NTSB және FAA өкілдері апат орнына барып, оқиғаның себептерін анықтауда. Мамандар қара жәшіктерді зерттеп, ұшақтар соқтығысқанға дейінгі пилоттардың радиобайланысын талдауда.
Айта кетейік, Аризонадағы бұл апат бірнеше күн бұрын болған тағы бір авиациялық оқиғадан кейін тіркеліп отыр. Delta Airlines әуе компаниясының ұшағы Торонто әуежайына шұғыл қону кезінде аударылып қалды, алайда ешкім зардап шеккен жоқ.
Осыған ұқсас оқиға биыл қаңтар айында да болды. Американ Airlines компаниясының ұшағы Рональд Рейган атындағы Вашингтон әуежайының маңындағы өзенге құлады. Ол тікұшақпен соқтығысқан. Сол кезде бортта 60 жолаушы және 4 экипаж мүшесі болған. Аталған оқыс оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдады.