Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлері ант берді

3 Маусым 2023, 20:14
1719
Бөлісу:
Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлері ант берді
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Еліміздің әскери бөлімдерінде көктемгі әскерге шақырылған жас жауынгерлер Отанына адал болуға салтанатты жағдайда ант берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға әскери бөлімдердің қолбасшылығы мен әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскерге шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысты.

Сарбаздар бір айлық жас жауынгер курсынан өтіп, саптық, дене шынықтыру, атыс дайындықтарының және жалпыәскери жарғылардың негіздерін үйренді. Практикалық атыстарды орындады. Енді олар механик-жүргізуші, радиотелеграфист, планшетші, электрик және басқа да мамандықтарды игеретін болады.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер бір жыл ішінде сендердің қарудан ату, жауынгерлік машиналарды жүргізу, жауынгерлік және дене дайындығы бойынша нормативтерді «өте жақсы» тапсырып, нағыз сарбаз болуларың үшін бар күш-жігерін салады, – деп атап өтті 44813 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Еділ Ноғайбаев.

Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлері ант берді

Ол сондай-ақ сарбаздардың әскерде алған білімдері мен дағдылары азаматтық өмірде кәдеге жарайтынын да атап өтті. Енді әскери қызмет өткергендерге жоғары білім алуда да жеңілдіктер қарастырылып отыр. Азаматтық борышын өтеген азаматтарға екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік бар. Ал үздіктердің үздігі оқу орнының гранты есебінен оқи алады.

Ақмола облысынан шақырылған мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Мейірман Қосыев ант берген сәттегі сезімін жеткізді.

Жауынгерлік тарих пен дәстүрге бай әскери бөлімге келгенімді парыз деп санаймын. Әскери анттың әр сөзінде үлкен сенім мен жауапкершілік жатыр. Сол себепті аздап қобалжыдым, – дейді жас сарбаз.

Баласына қолдау білдіру үшін ант беру рәсіміне Мейірманның анасы Динара Қаппасова да келген екен. Анасы ұлының өткен бір ай ішінде кәдімгідей есейіп, өзіне сенімді азамат болғанын аңғарғанын айтады.

Армия – елдің қорғаны. Бір кездері біздің аталарымыз бен әкелеріміз, жұбайларымыз да әскерде қызмет еткен. Ендігі кезек ұлдардікі. Ұрпақтар сабақтастығы деп осыны айтса керек. Жауынгерлердің әскери борышын абыроймен атқарып, үйлеріне аман-есен оралуын тілеймін, – дейді сарбаз анасы.

Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлері ант берді

Мерекелік іс-шара соңында барлық әскери бөлімдерде командирлермен ата-аналардың кездесулері өтті. Жас жауынгерлердің жақындары сарбаздардың қызмет, тұрмыс жағдайларымен танысты. Казармаларда, асханалар мен оқу сыныптарында болды. Көкейде жүрген сұрақтарына лайықты жауап ала алды.

Өзгелердің жаңалығы