Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Әуе қорғанысы күштерінің 25 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты іс-шара кезінде Әуе қорғанысы күштерінің мерейлі белесіне орай арнайы шығарылған кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды. Бірқатар әскери қызметшілер құрмет грамоталарымен және Қорғаныс министрінің атынан естелік сыйлықтармен марапатталды.
Қалыптасқан игі дәстүр бойынша салтанатты жиын басталар алдында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, даңқты ұшқыш, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Мерекелік шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері, Әуе базалары мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Жеке құрамды кәсіби мерекемен құттықтаған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов ұшқыштардың Қарулы Күштердегі ерекше орнын атап өтті.
Жыл сайын қару-жарақтың мүмкіндігі, ұшу құрамының дайындығы, радиолокациялық және зениттік зымыран кешендері жауынгерлік есептоптарының үйлесімділігі мен дағдылары айтарлықтай артып келеді. Еліміздің әуе шебін күзетуде тәулік бойы кезекшілік атқаратын әскери қызметшілер жоғары кәсібилігімен, өз істеріне жауапкершілігімен және әскери борышына адалдығымен ерекшеленіп келеді, – деді өз сөзінде.
Әуе қорғанысы күштерінің құрамына Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштері кіреді. Олар әуе кеңістігінің қауіпсіздігін, мемлекеттік, әкімшілік және әскери нысандардың әуе қорғанысын қамтамасыз етеді, әскерлердің басқа түрлері мен тектеріне авиациялық қолдау бойынша жауынгерлік міндеттерді орындайды.
Әуе қорғанысы күштері қалыптасу мен дамудың лайықты жолынан өтті. Бүгінгі таңда олар өздеріне қойылған міндеттерді абыроймен орындауда. Ширек ғасыр ішінде ұшу және инженерлік-техникалық құрам, зениттік-зымырандық және радиотехникалық әскерлер, тыл және байланыс мамандарының бірнеше буыны өсіп шықты, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов.
Іс-шара Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.