Аудиттен кейін 427 млн теңгеге құрылыс жұмыстары қайта жанданды

10 Қыркүйек 2024, 09:14
295
Бөлісу:
Аудиттен кейін 427 млн теңгеге құрылыс жұмыстары қайта жанданды

Жезқазғанда мемлекеттік аудиттен кейін 427 млн теңгеге құрылыс жұмыстары орындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жезқазған қаласының әкімдігі биыл бірінші жартыжылдықта Жоғары аудиторлық палата анықтаған бұзылған құрылыс жұмыстарын қалыпқа келтірді.

Еске сала кетейік, Ұлытау облысында бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит барысында бірқатар олқылық, оның ішінде сәулет және құрылыс қызметінде бұзушылықтар анықталды. Мысалы, Жезқазғанда орындалмаған құрылыс жұмыстарын қабылдау және құрылыс материалдарын сапасы мен сипаттамалары бойынша жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейтін құрылыс материалдарына ауыстыру фактілері орын алған. Қала әкімдігіне анықталған барлық бұзушылықты жою тапсырылды.

Нәтижесінде қыркүйектегі жағдай бойынша 427 млн теңгеден астам сомаға тұрғын үйлерде, жылу желілерінде және басқа да коммуналдық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке 2,8 млн теңгеден астам қаражат өтелді.

Ұлытау облысындағы мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша берілген нұсқаманың өзгеде тармақтарының орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы