Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік аудиторлардың жалақысының көлемі сыбайлас жемқорлыққа әсер етеді. Мұндай Мәлімдемені премьер-министрдің бірінші орынбасары және қаржы министрі Әлихан Смайылов жасады.
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ол ұлттық ресурстарды басқаруды жетілдіруге бағытталған мемлекеттік аудит саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін атады.2017-2019 жылдар аралығында 16 аудитор мен қосалқы бөлімнің бір қызметкері қамауға алынып, сотталды. Сыбайлас жемқорлықтың негізгі себебі - аудитордың тексеретін нысанмен тікелей байланыс жасауы. Сондықтан
бизнес-процестер мен мемлекеттік сатып алулар туралы деректерді автоматтандыру керек және ашық жария болуы тиіс. Сол кезде бұл мәселені шеше аламыз, - дейді вице-премьер.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда қызметкерлердің 40 пайызы жұмысынан кеткен. Оған себеп - жалақының төмен болуы.
Сыбайлас жемқорлыққа бәсекеге қабілетсіз еңбекақы әсер етеді. Одан бөлек, құқық қорғау органдарының тергеу шараларына тартылатын мемлекеттік аудиторлардың жоғары жауапкершілігінің де ықпалы бар. Осыған байланысты білікті кадрлардың жұмыстан кетуі жиіледі, - деді Әлихан Смайылов.
Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі ішкі мемлекеттік аудит департаментінде мемлекеттік аудиторлардың орташа жалақысы - 120 мың теңге, Ішкі мемлекеттік аудит комитетінде – 150 мың теңге, ревизиялық комиссияда – 180 мың теңге, есеп комитетінде – 250 мың теңге екенін айтты. Сонымен қатар, жеке сектор ішкі аудит қызметкерлерінің орташа еңбекақысы - 550 мың теңге, ал квазимемлекеттік сектор ішкі аудиті қызметкерлерінің айлығы - 700 мың теңге көлемінде.